ChatGPT-ге тіркелген жасөспірімдердің әр қадамын енді ата-аналары бақылайды. OpenAI компаниясы чат-ботқа келесі айдан бастап ата-ана бақылауы функциясын енгізгелі жатыр. «Бұған әлемде жеткіншектердің чат-ботпен тым көп сөйлескеннен кейінгі қайғылы жағдайдың көбейгені себеп», — дейді компаниядағылар.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— OpenAI компаниясы 2 қыркүйекте ChatGPT-ге ата-ана бақылауы функциясын енгізетінін хабарлады. Жаңа ережеге сәйкес, енді баланың аккаунтына ата-анасы толық кіре алады. Чатпен қалай сөйлескенін, қандай сұрақ қойғанын бақылайды. «Бұл – жеткіншекті түрлі қауіптен қорғау үшін жасалған қадам», — деп түсіндіреді компания өкілдері.
Қазір ChatGPT-ге тіркелу жасы 13-тен басталады. Бірақ сол жас шамасындағы балалардың өз ойын ашық айтуы, тіпті құпия сырын туғаны емес, нейрожелімен бөлісуі қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан OpenAI компаниясы жүйеге ата-ана бақылауы функциясы керек деп шешкен. Егер жасөспірімнің чат-ботқа жазған сұрақтарында күйзеліс немесе өмірге қауіп төндіретін ойлар байқалса, жүйе ата-анасына автоматты түрде хабарлама жібереді.
Психолог Жанар Сейітмағамбет те бұл шешімде қолдайды. Бірақ ата-ананың рөлі тек техникалық бақылаумен шектелмеуі тиіс дейді. Себебі жасөспірімдер үшін қазір ең қауіптісі – жалғыздық пен қолдаудың жоқтығы. Бақылаудан бұрын баламен ашық сөйлесіп, сенімді қарым-қатынас орнату қажет.
Ата-ана бақылауы функциясын OpenAI компаниясы қазан айында кезең-кезеңімен енгізбек. Алдымен АҚШ пен Еуропада, кейін басқа елдерде қосылады. Жаңашылдықты енгізумен әлемнің 60 елінен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен дамуын зерттейтін 250-ден астам маман айналысқан. Мұндай функция жақын уақытта WhatsApp-та да пайда болады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.