Қазақстанда бала асырап алу рәсімі жеңілдей ме?

Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді. Тумай жатып маңдайына жетімдік жазылған періште күңіренбес үшін асырап алып, ата-аналық мейірімін төгетін жандар қаншама?! Өткен жылы 153 бала жаңа отбасын тапқан. Бірақ бала асырап алудағы қағазбастылық пен сандалтқан сансыз талап салдарынан мыңдаған адам арманына жете алмай жүр. Жауапты мекеме басшылары бұл істе асығыстық жасауға болмайтынын айтады.
Өзгенің баласын бауырына басқан ата-аналарға елімізде қолдау бар. Мемлекет әр бала үшін арнайы жәрдемақы төлейді. Бұл сома жыл сайын артып келеді. Бірақ сәби құшқан отбасы сырттан келер көмекке қарап, мұндай жауапты қадамға бармасы анық. Көптеген ерлі-зайыпты үшін бұл, ең алдымен, ата-ана мейірімінсіз қалған балаға қамқор болу мүмкіндігі.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде бала асырап алушының дені бұрынғыдай материалдық мүддені көздемейді. Бұған шынайы ниетпен жетімді жат санамай, туғанындай бағып отырған талай отбасы мысал бола алады. Барлық жағдайға әр баланың өміріне мән беріп отырған тиісті мекемелер куә.

НЕСІБЕЛІ БӘСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛА ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:
— Біздің елде қорғаншылық және қамқоршылықтың рөлі күшейтілген. Соңғы үш жылда асырап алған немесе қамқорлыққа берілген баланың жағдайы дұрыс болмай, мәселе туындаған жоқ. Әр бала бақылауда.

Асырап алушыларға берілетін әлеуметтік кепілдік тек жәрдемақымен шектелмейді. Олар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне де қатысады. Ал жұмысқа ерте шықса, жүйе автоматты түрде реттеліп, жарналарды жұмыс беруші төлейді.

ЗАБИРА ОРАЗАЛИЕВА, ӘМСҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ:
— Егер бала асырап алған немесе тәрбиелеп отырған ата-ана үш жасқа дейін демалысты алуына болады. Демалысын тоқтатып, жұмысына да шығуына болады. Бала күтіміне қатысты демалысы мемлекет есебінен сақтандырылады.

Ал жаңа туған баланы асырап алған қазақстандық отбасы бір реттік жәрдемақы ғана емес, бала жасқа толғанша ай сайын күтіміне қаржылай қолдауға ие болады. Бұл жұмыс істеу-істемеуіне байланысты емес.
———————————————