Қ. Тоқаев: Мұнай өндіру көлемін 100 миллион тоннаға жеткіземіз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Бұл салада 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Ақордада өткен салтанатты жиында Президент мұнай-газ кешені ел экономикасының аса маңызды саласы екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, әлемдегі мұнай-газ саласы көптеген мемлекет пен белгілі сарапшылардың жіті бақылауында. Саланың келешегі оның жаһан экономикасының даму перспективасына ықпал етуі тұрғысынан талқыланып жатыр. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. «Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз», — деді Мемлекет басшысы. Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мұнай-газ саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Менің пайымдауымша, көмірсутегі дүние жүзінің энергетика нарығында, сәйкесінше, Қазақстанның энергетика саласында бұрынғыдай басты рөлге ие бола береді. Бірқатар елдің, соның ішінде еуропалық мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, балама қуат көзі қажеттілікті толық өтей алмайды. Бұдан бөлек, өнеркәсіпте, соның ішінде электр стансаларының құрылысында көмірді залалсыздандыратын озық технологияны пайдалануға баса мән беру қажет. Қазақстанның энергия балансында көмірдің үлесі 70 пайызға жуық екені мәлім. Еліміз көмір өндіруден он ірі елдің қатарына кіреді. Бұл артықшылықтан бас тартпаған жөн. Керісінше, оны тиімді пайдалану керек.
———————————————