Astana Finance Days: сарапшылар мемлекеттік борышты басқарудың жаңа мүмкіндіктерін атап өтті

Аймақтық экономиканың маңызды тақырыптары қамтылған Astana Finance Days 2025 форумы аяқталды. Бүгін сарапшылар «Орталық Азияның қаржы нарықтарын нығайтудағы портфельдік инвестициялардың рөлі» атты сессияда бас қосты. Форумға қатысушылардың айтуынша, портфельдік инвестициялар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің экономикасын әртараптандыруға айтарлықтай үлес қоса алады. Олар мемлекеттік борышты басқаруды жеңілдетіп, IPO нарығын дамытуға және жаңа қаржы құралдарын енгізуге мүмкіндік береді. Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инвесторлардың сенімін арттыру үшін инфляцияны бақылауда ұстау маңызды екенін айтты. Сарапшылар мұнай мен газға тәуелділіктің біртіндеп азайып келе жатқанын атап өтті.
ТИМУР ТУРЛОВ, FREEDOM HOLDING CORP. БАС АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
— Қазір біз мемлекеттік және корпоративтік қарыз нарығында белсенді қатысатын ірі инвесторларға бір қадам жақындадық деп ойлаймын. АҚШ пен Гонконгтың ірі қаржы институттарымен сәтті ынтымақтастық орнады, қазақстандық компанияның қосарлы листингі де үлкен жетістік болды. Бұл – бүгінгі тамаша оқиға. Сондай-ақ мемлекеттік қарызымыздың тартымдылығы өте жоғары, инвесторлар шамамен 17% табыс ала алады. Бұл жағдай біздің нарыққа, соның ішінде шетелдік капиталдың молынан келуіне ықпал ететініне сенімдімін.
———————————————