Ақши халқы шұбат өндірісін өркендетіп, шетелге экспорттап отыр

Алматы облысында шұбат өндірісін өркендетіп, тіпті осы ұлттық сусынымызды шет елге экспорттап отырған ауыл бар. Іле ауданындағы Ақши елді мекенінде 30 шақты үй түйе сауады. Өйткені ұлттық сусынға деген сұраныс жылдан жылға молаймаса, азаяр емес.
Ақшиге 20 жыл бұрын көршілес Қытайдан көшіп келген қандасымыз Қалиғазы Оралғазы өз кәсібін екі түйе сатып алудан бастаған. Қазір оның шаруашылығындағы түйе саны 40 басқа жетті. Соның он екісі сауылады.

ҚАЛИҒАЗЫ ОРАЛҒАЗЫ, АҚШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Күніне екі уақыт – таңертең, кешке сауамыз. Күніне 50-60 литрдей шұбат шығады. Тапсырыс беретін адамдар көп, соларға өткіземіз. Шұбатқа сұраныс көп.
Бірнеше жыл бұрын ауыл іргесінен қатерлі ісік ауруына шалдыққан науқастарды шұбат терапиясымен емдейтін шипажай ашылды. Демалушылар онда еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Өйткені түйе сүті дәруменге өте бай.
ӨМІРҒАЛИ БАЙХАН, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Табиғи ем ғой. Үкіметтің дәрісі емес, химия емес деген сияқты. Ата-бабамыз баяғыдан биенің қымызы мен түйенің шұбатына мән берген. Сол арқылы жүзге дейін өмір сүрген.

Шұбат терапиясы тыныс алу жолдары асқынған науқастар үшін де өте пайдалы. Күрті ауылдық округіндегі ойсылқара төлінің саны бүгінде 7 мың басқа жетіп қалды. Ақшиден түйе сүтін өңдейтін зауыт ашылып, 200-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

СЫДЫҚ ДӘУЛЕТОВ – КӘСІПКЕР:
— Қазір күніге мың бас түйе сауылады. Орташа есеппен 5 тонна сүт осы зауытқа әкеліп, құрғатылады. Өнімнің 80 пайызы көршілес Қытайға экспортталады. Енді осы экспорттың арқасында түйе басын 15 мыңға көбейтіп, құрғақ сүттің көлемін ұлғайтпақшымыз.
Зауытта ай сайын 30 тонна құрғатылған түйе сүті өндіріледі. Оның әр келісі көрші елге 50 доллардан экспортталады. Мемлекет бір келі шұбатқа 55 теңгеден субсидия төлейді.
———————————————