Елімізде бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтерілді. Яғни, Сенаттың тағдырын 2027 жылы өткізілетін Жалпыұлттық Референдум шешеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында айтты. Сондай-ақ жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті енді инвесторлар құқығын қорғау комитеті деп аталатын болды.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Бүгін Президент Жолдауы екі сағатқа созылды. Халыққа жол тартқан Жолдау үш бөлімнен тұрады. Экономика, саясат және әлеуметтік мәселелер түгел қамтылды.
«Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде цифрлық ел болуы керек. Ол үшін ең алдымен, Цифрлық кодексі тезірек қабылдаған жөн», — деді Мемлекет басшысы. Президент жақында Қытайға барған сапарында әлемнің жетекші компанияларымен құны миллиардтаған қаржы тұратын келісімдер жасалғанын айтты. Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан сондай компанияның бірі енді Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысатын болған.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.
Жаңа министрлік құрылатын болды. Ол – қазіргі құзырлы министрлік негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі. «Жаңа ведомствоны Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымсыз екенін айтып, оны үйлестіруді Премьер-министр Олжас Бектеновке жүктеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қалай болса да, инвестиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-министрге жүктеледі. Жаңа министрлік құрудың қажеті жоқ. Бірақ, көзге оттай басылатын нәрсе: елімізде бірде-бір мекеменің атауында инвестиция деген сөз жоқ. Инвестиция тіпті, жетім бала сияқты үш-төрт мекемеге ортақ мәселе болып, өз жолын таппай жүр. Сондықтан Премьер-министр он күн ішінде нақты ұсыныс беруге тиіс. Бұдан бөлек, Үкіметке инвестиция тарту жүйесін түгел жаңғырту жөніндегі нақты іс-шаралар жоспарын мейлінше қысқа мерзім ішінде әзірлеуді тапсырамын.
Президент Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгеру қажеттігін, Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айтты. Соның нәтижесінде, қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылып, бұл қаражатқа 10 мектеп, 4 спорт ғимараты салынған және де 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына бөлінген.
Жолдауда Президент бір Палаталы Парламент құру туралы бастама көтерді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашан да зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді. Бірден айтайын, бұл – өте маңызды мәселе. Оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Мен мемлекеттің тағдырын айқындайтын барлық мәселе халықтың келісімімен ғана шешіледі деп бұған дейін бірнеше рет айттым. Егер бір палаталы Парламент құру қажет деген ортақ шешімге келсек, ондай Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— «Бұл реформа азаматтық секторда сарапшылар ортасында сондай ақ қазіргі Парламентте жан жақты талқылануы қажет. Реформаның мән маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін 2027 жылы жалпы ұлттық Референдум өткізуге болар еді», — деді Президент Жолдауда.
Бұл – әлемде кеңінен тараған парламенттік рәсім. Осылайша, Мәжілістің қазіргі құрамы барлық заңдық рәсімдер аяқталғанша өз ісімен айналыса береді. Сенат жалпыұлттық референдумның қорытындысы шығып, жаңа Парламент сайлауы өткенге дейін алаңсыз жұмыс істейді. Ал саяси партиялардың бәсекелі тартысқа дайындалуына уақыты болады. Жолдауда Мемлекет басшысы ауылшаруашылығын өркендету, денсаулық сақтау саласын дамыта түсу туралы келелі ұсыныстар айтып, тапсырмалар берді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.