Президент Жолдауын жұмысшы мамандар да тыңдады

Елордада өткен Президент Жолдауын еңбек адамдары да тыңдады. Қолына бор ұстаған ұстаз да, күріш оратын бригадир де, судың тілін меңгерген инженер де бар. Олар – күн сайынғы тынымсыз еңбегімен елді алға сүйреп жүрген жандар.
Елорда төрінде – еліміздің әр аймағынан келген жүз еңбек адамы. Әдетте қолына күрек ұстап, трактор айдап, мектепте сабақ беретін еңбек адамдары Президент Жолдауын теледидардан емес, көзбе-көз отырып тыңдады. Олар үшін бұл сәт – үлкен жауапкершілік, зор мәртебе. Жетісу облысы Панфилов ауданынан келген Тоқтасын Сатыбалдиев – инженер-гидротехник. Оның өмірі су шаруашылығымен тығыз байланысты. 2017 жылы Тоқтасын Қазықанұлы өзенге батып бара жатқан оқушыны құтқарып қалып, елдің алғысына бөленген. Ал 2025 жылы ол «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

ТОҚТАСЫН САТЫБАЛДИЕВ, ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИК:
— Бұл жолғы жолдауда өзіміз қатысып отырып көрдік. Цифрлық жүйеге көшу, жасанды интеллекті дамыту жағы көңілге қонымды болып жатыр. Мен су шаруашылығында қызмет жасаймын. Мысалы, су қоймалар салынса, су жүйелері жолға қойылса, соған көңіл бөлінсе деген ойдамын.
Ауыл шаруашылығында адал тер төгіп жүрген тағы бір жан – Гүлсім Дәрібаева. Ол Қызылордадағы «Ақмая» қожалығында күріш бригадасын басқарады. Еңбек жолын 1986 жылы механизатор болып бастаған. Қазір ондаған адамға жетекші болып, күріш алқабында күнделікті жұмысты істейді. Президенттің бүгін ауыл шаруашылығы, жер, су мәселесі туралы айтқаны Гүлсім Әбілқасымқызының көңілінен шықты.

ГҮЛСІМ ДӘРІБАЕВА – КҮРІШ ӨСІРУШІ:
— Ауыл шаруашылық саласы жайлы жақсы айтылды. Әсіресе игерілмей жатқан жерлерді қайтып алып, иегеретін адамдарға табыстау керек деді, бұл өте орынды. Әрине, Қазақстанымызда талай жер игерілмей жатыр. Оны игеретін адамдар бар.

Ал ел ертеңін тәрбиелеп жүрген тұлға – Гүлнәзия Байұлова. Ол 45 жылдан бері жас ұрпаққа білім беріп келеді. Еңбек жолын Қарағанды облысындағы шағын ауылдан бастап, бүгінде Астанадағы №9 «Зерде» мектебінің басшылық құрамында еңбек етіп жүр. Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, педагог-шебер шәкірт тәрбиелеуді өмірлік парызы санайды.

ГҮЛНӘЗИЯ БАЙҰЛОВА – ПЕДАГОГ:
— Оқушыларымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуы, ұстаздарға жасалып жатқан мүмкіндіктер, Президентіміздің «Педагог мәртебесі» заңының іске асырылуы, мұғалімдер жалақысының 4 есе көтерілуі, үш ауысымдық мектепті азайту – осының бәрі біздің ұрпаққа жасалып жатқан жағдай деп ойлаймын.

Жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі маңызды. Халыққа бүгінгі Жолдауында Президент осылай деді. Ол азаматтардың өндіріске барғаны абзал. Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн деді. Және бұған мемлекет қажет жағдай жасауы керек. «Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттырып, оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі», деді Мемлекет басшысы.
———————————————