Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында бірқатар міндет жүктеп, Үкіметке тапсырмалар берген еді. Бір жылдың ішінде олар қалай жүзеге асты?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында экономикалық саясатта нақты міндеттер жүктеді. Солардың бірі – жаңа Салық кодексін қабылдау болатын. Бұл тапсырма толық орындалды: 2025 жылы жаңа Салық кодексіне Президент қол қойды, оның ішінде жеке табыс салығын прогрессивті шкалаға көшіру және салықтық әкімшілендіруді оңайлату шаралары қарастырылды. 2026 жылдан бастап қосымша құн салығының негізгі мөлшерлемесі 16%-ға өссе де, дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге төмендетілген ставка енгізілді. Бұл бизнеске түсетін жүктемені азайтып, экономиканы «көлеңкеден» шығаруға бағытталған қадам ретінде бағалануда.
АНДРЕЙ ЧЕБОТАРЁВ – ЭКОНОМИСТ:
— Салыстырмалы түрде айтар болсақ, бізде ұзақ уақыт салық мөлшері төмен болды. Мәселен, біз Кеңес одағы кезіндегі экономикадан нарықтық жүйеге көшкеннен кейін бизнеске барынша жағдай жасап, қорғадық. Салықтан босаттық, түрлі жеңілдік берілді. Егін пісіп жетілген соң, орақ маусымы басталады емес пе?! Дәл солай өнім жинайтын уақыт келген сияқты.
Жолдауда әлеуметтік саланы жаңғыртуға да айрықша назар аударылды. Білім беру жүйесінде Президент 2025 жылдың соңына дейін 217 жаңа мектеп салуды және 1300-ін жөндеуден өткізуді тапсырды. Бұл ауқымды жоба жоспарға сай іске асып жатыр. 2025 жылдың мамырына дейін 105 жаңа мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 112 мектепті пайдалануға беру көзделген.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ – ШҚО ӘКІМІ:
— «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында елімізде 217 мектеп салынып жатыр. Соның ішінде жетеуі біздің облыста жүргізіліп, құрылысы аяқталды. Одан бөлек біз қолданыстағы мектептерімізге де күрделі жөндеу жұмыстарын бастадық.
Президент 2024 жылғы Жолдауда тозған инфрақұрылымды жаңартуды және энергетика саласындағы түйткілдерді шұғыл шешуді күн тәртібіне шығарды. Жылу және электр желілерін жаңғырту мақсатында «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты іске асып жатыр. Жеке энергетика компанияларын инфрақұрылымға ақша салуға ынталандыру тетіктері енгізілді. Елді мекендерді газдандыру қарқыны үдей түсті. Жабдықтарды жөндеу жұмыстарына 600 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында елдегі ЖЭО-лардың орташа тозуы 61 пайызға дейін төмендеді.
КИРИЛЛ ГОЛОТА, РИДДЕР ЖЭО ДИРЕКТОРЫНЫҢ М.А.:
— Станция дайын, бүгінде отын қоры ұйымдастырылды, жөндеу жұмыстары жүргізілді, яғни станция халықты ыстық сумен, әрі жылу энергиясымен қамтамасыз етуге дайын.
Былтырғы Жолдаудың маңызды бөлігінің бірі – «Заң және тәртіп» қағидатын нығайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Полицияның профилактикалық жұмысы күшейіп, Ұлттық ұланның құқықтық тәртіпті сақтаудағы рөліне баса мән берілді. Жалпы, 2024 жылғы Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің басым бөлігі бір жыл ішінде орындалды немесе нақты іске аса бастады деуге негіз бар. Цифрландыру мен әлеуметтік төлемдерді жеткізуде заманауи жүйелер қолға алынды. АЭС бойынша шешім қабылданды. Газ өңдеу зауыттары салынуда. Денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша жұмыстар қарқын алды. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз берілген жерлер қайтарылды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту арқылы азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында да кешенді жұмыстар атқарылып жатыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.