Ақтөбеде саябақ орнына мейрамхана салынып жатыр – тұрғындар наразы

Ақтөбеде бірнеше көпқабатты үйдің тұрғындары Әлия Молдағұлова даңғылы бойында салына бастаған мейрамхананың құрылысына қарсы шықты. Айтуларынша, бұл жер жасыл аймақ болуы керек еді. Алайда учаске жекенің қолына өтіп, кәсіпкер ойын-сауық орталығын тұрғызуда.
Ақтөбеде алты үйдің тұрғындары жиналып, шу шығарды. Олар 20 жыл бойы бос тұрған учаскеде саябақ салынады деп үміттенген. Бірақ қазір мұнда мейрамхананың құрылысы басталды.

ӘСЕМГҮЛ ТӨЛЕБАЕВА – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бізге бұл қолайсыздық туғызады. 20 жыл осы жерде тұрамын. Жол екі торапты болуы керек. Ал бұл жерге бір ғана машина сыяды және көктем-күз айларында өту мүмкін емес.

Тұрғындар бұл мәселені айтып әкімдікке де, прокуратураға да хат жазған. Бірақ мәлесе сол күйі шешілмей тұр.

МАНАРБЕК АЛДАШЕВ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бір парк, сквер жасаймыз ба деп едік. Мыналар да енді 2-3 күннен бері қимылдап жатыр. Жер қатынастары заңы бойынша, жеке адам жер алса, 3 жылдың ішінде фундаменті болуы керек дейді. Ал мыналар 2006 жылдан бері қолданыста.

Әкімдік өкілдері: «Құрылысты тоқтатуға негіз жоқ», — дейді.

ЖАНАРГҮЛ МАКАШЕВА, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
— Жер учаскесі 2003 жылы заңды тұлғаға берілген. 2020 жылы оны басқа заңды тұлға сатып алу шартымен сатып алған. 2023 жылы сәулет жоспарлау тапсырмасын алып, эскизді жобасы келісілген. Заң бойынша біз оған тоқтата алмаймыз, бүкіл құжаты дұрыс.

Осылайша тұрғындар шағымы ескерусіз қалатын түрі бар. Дегенмен халық мұнымен тоқтамаймыз деп отыр. Олар Әлия Молдағұлова даңғылында демалыс орны ашылғанша күресуге дайын екендіктерін жеткізді.
———————————————