Жаңа министрлік құрылады: жасанды интеллект пен цифрландыруға басымдық беріледі

Қазақстанда тағы бір министрлік пайда болады. Бұл – Мемлекет басшысының Жолдауда жүктеген міндеті. Жаңа ведомства немен айналысады, нақты қандай міндет арқалайды? Бүгін Үкімет отырысында осы мәселе егжей-тегжейлі талқыланды. Алдағы 5 жылда 1 млн тұрғын ақылды жүйенің қыр-сырын меңгереді. Бұл халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығы аясында іске асырылады.
Қазақстанда құрылатын жаңа ведомство – жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі деп аталады. Бүгін оның мақсаты мен міндеті айқындалды. Бастысы, тың технология көпшілікке қолжетімді болуы керек.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ЦДИАӨ МИНИСТРІ:
— Алдағы 5 жылда 1 млн азаматқа жасанды интеллектінің дағдыларын үйретеміз. Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығын құрылады. Ол білім ғылым, бизнес және мемлекеттік технологияларды біріктіреді. «Digital Қазақстан» тапсырмасы шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлесе 72 саланы қамтитын 19 цифрлық трансформация картасы қалыптастырылды.

Шәкірттер де болашақ технологиясын мектеп қабырғасынан бастап меңгеріп жүр. Оқу бағдарламасына цифрлық сауаттылық пән ретінде енгізілген. Ұстаздар да бұл үдерістен шет қалған жоқ. 160 мыңдай педагог арнайы курстан өтіп, жасанды интеллект игілігін оқу процесінде қолдануды үйренді. Енді өңірлерде «Қазақ Digital» шағын жинақты мектептері бой көтермек.

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
— Жасанды интеллектіні білім беру бағдарламасына енгізудің 2025-2029 жылдарға арналған тұжырымдамалық негіздерін бекіту. Жасанды интеллект ресурстарын әзірлеу, AI ұста медиа жұмысын іске асыру. Жасанды интеллектіні ұлттық құралды дайындауды педагогтерді үш деңгейлі курстардан өткізудің жоспарлап отырмыз.

Осы орайда Үкімет басшысы жасанды интеллект туралы заң жобасын тез арада пысықтауды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
— Цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі Digital Қазақстан тұжырымдамалық құжатын әзірлеуге кірісу керек. Жауапкершілікті ара жігін бөліп беру керек. Құжатта тиісті нәтижелер көрініс табу керек. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы Президент жарлығының жобасын енгізуге тиіс.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Иә, алдағы үш жылда цифрлық мемлекетке айналу міндеті тұр. Мемлекет басшысы кеше ғана Жолдауда осыған жеке тоқталды. «Сондықтан жаппай цифрландыру үдерісімен бір ғана министрлік айналыспайды», — дейді Олжас Бектенов. Бұл іске барлық сала жұмыла атсалысуы қажет.
———————————————