Қазақстанда көше бойына валюта бағамы көрсетілген табло орнатуға ресми түрде тыйым салынды. Бүгіннен бастап Ұлттық банктің арнайы қаулысы күшіне енді. Енді айырбастау пунктерінің бағамын тек ғимарат ішінде немесе ресми сайттардан көруге болады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Жалт-жұлт етіп жарқырап тұратын валюта айырбастау пунктері бүгін жапырағынан айырылған ағаш қурайдың күйін кешкен. Маңдайшасы болмаса, бұл жерде ақша ауыстырады деп айту қиын. Бұрынғыдай валюта бағамы жазылған тақта жоқ.
Енді бағамды көшеден іздеп әуре болмайсыз. Айырбас пунктіне кіру керек немесе мобильді қосымшадан қараған жөн. Жаңа тәртіп Ұлттық банктің биылғы 23 маусымдағы қаулысымен бекітілген. Ақша ауыстыратын орындар бұл талапқа бейімделуге мәжбүр.
ӘЛИЯ САЛЫБЕКОВА, АЙЫРБАСТАУ ПУНКТІ ӨКІЛІ:
— Бүгін бірінші күн. Бұған дейін ереже сәл басқаша еді. Әуелі табло шағын болсын, оны айырбастау пунктінің ішіне қою керек деді. Енді табло әйнек ішінен көшеде мүлдем көрінбесін деп жатыр. Қазір басқа жерге ілетін шығармыз.
АРНҰР ҚАЙЫРГЕЛДИНОВ, АЙЫРБАСТАУ ПУНКТІ ӨКІЛІ:
— Халыққа кішкене ыңғайсыз, әрбір пункке кіріп, қарап-шығып жүреді, Иә, таблолардың сыртта тұрғаны қаланың көркіне әсер етеді. Бірақ оны басқаша шешуге болар еді ғой.
Қарапайым жұрт үшін бұл шешім қолайсыздау. Өйткені күн сайын жұмысқа бара жатып, бағамды жолдан-ақ бақылап жүргендер бар.
Ұлттық банк өкілдері мұндай шектеу әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар екенін айтады. Көп елде бағам ашық аспан астында емес, тек ресми көздерде көрсетіледі. Енді қазақстандықтар да валютаны ғимарат ішінен немесе мобильді қосымшадан ғана бақылайды.
ТИМУР СҮЛЕЙМЕНОВ, ҰЛТТЫҚ БАНК ТӨРАҒАСЫ:
— 90-жылдардан қалып қалған анахранизм. Мәскеуде жоқ. Вашингтонда жоқ. Лондонда жоқ. Парижде жоқ. Ешбір дамыған қалада, астанада жоқ. Бізде қалып қалған. Көшелерден алып тастаймыз. Ғимараттың ішінде болады. Қосымшалардан, интернеттен білуге болады.
Банк өкілдерінің айтуынша, мұндай өзгерістің басты себебі – валюта нарығындағы тұрақсыздық кезінде қоғамда орынсыз дүрбелең туындауына жол бермеу. Бұған дейін қала көшелерінде әр 50-100 метр сайын ілінген таблолар халықты шатастырып, тіпті жаппай валюта айырбастауға итермелеп келген.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.