48 центнер өнім: ШҚО-ның тәжірибелік алқаптарында рекордтық көрсеткіш

Шығыс Қазақстан облысының тәжірибелік алқаптарында 100-ден астам жоғары өнімді дәнді дақылдар мен күнбағыс тұқымдарының будандарын сынақтан өткізіп жатыр. Отандық ауыл шаруашылығы мамандары он жылдан астам уақыт бойы келешегі зор дақыл түрлерін зерттеп, жетілдіріп келеді. Оның біразы қазірдің өзінде егіс айналымына енгізілген. Жаңа сорттарды бүгінде жергілікті шаруалармен қатар, Ресейдің шекаралас жеті өңіріндегі агрофирмалар да сатып алып отыр. Майлы дақылдар шаруашылығында сынақтық тұқымдардан гектарына 48 центнерге дейін өнім жиналып, бұл республикадағы орташа көрсеткіштен үш есе артық нәтижеге жетті. Алдағы үш жылда Қазақстанда тұқымның 80 пайызын отандық селекция есебінен өндіру жоспарланса, ал қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 50 пайызға да жетпей отыр.
ДАНИЯР АБИТАЕВ, «МАЙЛЫ ДАҚЫЛДАР» ТШ БАСШЫСЫ:
— Біздің тұқымдар шетелдік баламалардан екі есе арзан. Сапасы да осал емес. Өнімділігі де жақсы. Іс жүзінде ойдағыдай нәтиже берді.
———————————————