Қара күш иесі Парсахан Алдияров 3 жүк вагонын сүйреді

Солтүстік Қазақстан облысында алып күш иесі тұрады. Аққайың ауданының тұрғыны Парсахан Алдияров еш дайындықсыз жалпы салмағы 70 тоннаға жуықтайтын үш вагонды бірнеше метрге сүйреп, жұртшылықты тәнті етті.
30 жастағы Парсахан Алдияров – ата жұртын аңсап келген азамат. Ол 2000 жылдардың басында Өзбекстаннан Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған. Жастайынан спортқа бейім.

Әрқайсысының салмағы 23 тонна болатын 3 жүк вагонын орнынан қозғалтудың өзі оңай емес. Табандылық пен қайсарлығының арқасында ол мақсатына жетті. Алып күш иесі оны 30 метр сүйреп, көпшілікті таңғалдырды.

ПАРСАХАН АЛДИЯРОВ, ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ ЖҮРГІЗУШІСІ:
— Бұрын осында элеваторда істегем. Ол кезде техникалар сынған кезде 3-4 жігіт болып бір вагонды орнынан қозғалтып жүргенбіз. Өз ойымда тарта аламын деп содан біреуін тартқан болатынмын. Одан кейін екеуін тарттым. Енді биыл үшеуін тартып отырмын. Бұл – жай өзімнің жеке рекордым.
Азамат ешқашан ауыр атлетикаға қызықпапты. Әрі мұндай көрсеткішті бағындыру үшін еш дайындалмаған. Өзі аудандық өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып қызмет атқарады. «Басын тәуекелге тігетін құтқарушылар әркез бабында болу керек дейді», — ол.

АСХАТ БЕЙСЕНБАЕВ, АУДАНДЫҚ ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:
— Парсахан – еліміздің төтенше жағдайлар қызметі құрылған жылы дүниеге келді. Өзі осы салада бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүр. Ұжымда сыйлы. Аударыспақтан облыстың үш дүркін чемпионы. Біз оны мақтан тұтамыз.

Күш атасын танымас демекші, Парсахан мұнымен тоқтамайтынын айтады. Келер жылы енді ол төрт вагон тартуды мақсат етіп отыр.
———————————————