«Смартфон сатып байимыз» деген алматылықтар алданып қалды

Смартфон да жоқ, сауда да жайында қалды. Алматыда ондаған салымшы жеке компанияға сеніп, ақшаларынан айырылып қалған. Келтірілген залал 100 млн теңгеден асады. Смартфондар арзан бағаға алынып, маркетплейсте қымбатқа сатылуы тиіс болған. Бірақ іс жүзінде ешқандай сауда болмаған. Жиналған ақшаны ұйымдастырушылар жеке мақсатына жұмсаған.
«Смартфон сатып байимыз» деген алматылықтар енді полиция бөлімшесінің табалдырығын тоздырып жүр. Жәбірленушілердің айтуынша, «тиімді» бизнеске оларды жақын танитын достары шақырған. Күдіктілер смартфондарды маркетплейсте қымбатқа қайта сатып, мол табыс табуға уәде берген. Тіпті «қиындықтар туындаса шығынды өз қалтамыздан өтейміз» деп сендірген. Бірақ…

АЗАМАТ МҰХАМЕДЖАНҰЛЫ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Досым, жақсы өмір сүріп жатқанын жан-жақты жарнамалап, қызықтырды. 100 милион теңгеге үш бөлмелі пәтер сатып алғанын айтты. Кейін сол бизнеске мені де шақырды. «Айфонды ресми түрде сатып аламыз», — деді. «Бәрі заңды, салық төленеді» деп сендірді. Ozon платформасы арқылы жұмыс істейтін айтты. Мұндағы хат алмасулар мен жеке кабинеттері бар екенін көрсетті.

Жәбірленуші Әсел Абдуллаева да бұл «бизнес жобаға» еш күмән болмағанын айтады. Салымшыларға екі ай сайын 30 пайыз табыс уәде етілген. Әуелде бірнеше адам алғашқы дивидентерін алып үлгерген, қайта ақша сала бастаған. Алайда былтырғы жылдың қарашасынан бастап төлем мүлдем тоқтап қалған. Содан бері ұйымдастырушылар құрғақ уәдемен жұртты сендіріп келеді. 20 салымшы полицияға арыз жазған.

ӘСЕЛ АБДУЛЛАЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
— Бір айдан асты. Бірақ тергеу баяу жүріп жатыр. Тергеуші тіпті қоңырауға жауап бермейді. Басында: «Менің жеке нөмірім, кез келген уақытта хабарласыңыз», — деп айтқан. Бірақ кейін мүлдем үндемей қалды.

Осы мәселемен Полиция департаментіне хабарластық. Тәртіп сақшылары күдіктінің қамауға алынғанын айтты.

САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Аса ірі көлемде жасалған алаяқтық дерегі бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің тиісті бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар осы іс бойынша 20-дан аса азамат полицияға арыз жазып, олардың барлығы жәбірленуші ретінде танылды.

Құзырлы органдардың мәліметінше, елімізде қаржы пирамидаларына қатысты жағдай ушығып тұр. Соңғы 7 айда осындай сипаттағы 131 қылмыстық іс тіркелген.

ЕРЖАН ТАЙЖАН, ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Тоғызы жарнамаға қатысты қаралды. Олар 49 қаржылық пирамидаға қатысты. 112 мың салымшы, 1900 адам жәбірленуші деп танылды. Залал көлемі – 2,9 млрд теңге. Жыл басынан бері 93 қылмыстық іс, оның ішінде сегізі жарнамаға қатысты тіркелді. Олар 34 қаржы пирамидасына қатысты. 27 қаржылық пирамида бойынша 46 іс аяқталды.

Ал алаяқтардың айласы еш өзгермеген. Уәде көп, бірақ орындалмайды. Өкінішке қарай, оңай олжаға сенуші де азаймаған. Сондықтан құзырлы орган өкілдері тұрғындарға аса сақ болуға кеңес береді.

ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Кез келген компаниямен келісімшартқа тұрмас бұрын әуелі Қаржы мониторингі агенттігінің Телеграмдағы арнасынан тексеруге болады. Дегенмен бұл да алаяқтардан 100 пайыз құтқарады деген сөз емес. Ең бастысы, жеңіл жолмен келетін ақшаның жоқ екенін түсінген абзал. Ал тұрғындардың қалтасын қаққан қаржы пирамидалары жазадан еш құтылмайтынын айтады полицейлер.
———————————————