Қ. Тоқаев Дохадағы әскери әрекетті айыптайды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дохадағы әскери әрекетті айыптайды. Бұл жайында Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Кеше Израиль Қатар астанасы Доха қаласына әуе соққысын жасағаны мәлім. Салдарынан бір қатарлық офицер және Хамас ұйымының 5 мүшесі қаза тапқан. Израиль бұл шабуыл үшін жауапкершілікті толық өз мойнына алды. Қазір Қатарда жүрген бір жарым мың Қазақстан азаматы дін аман.
Қатар билігі бұл әрекетті халықаралық құқықты бұзу және ел егемендігін аяққа таптау деп айыптап отыр және елдің қауіпсіздігін қорғауға дайын екенін хабарлаған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дохадағы акцияны айыптап, қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайтынын жеткізді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қандай мақсатты көздесе де, мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Бұл Қатар мемлекетінің егемендік құқығын бұзады және халықаралық құқық қағидаттарына қайшы келеді.

Еске салсақ, қыркүйектің 9-ы Қатар астанасы Дохада бірнеше дүркін жарылыс болды. Израиль армиясы ХАМАС тобының жоғарғы басшылығына «тікелей соққы» жүргізгендерін растаған. Жарылыс кезінде тұрғын үйлерге де залал келді. Әзірге 6 адамның өлімі жайлы ақпарат бар. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, шабуылдан осы елде жүрген қазақстандықтар зардап шеккен жоқ.

ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ:
— Қазір Қатарда шамамен 1,5 мың Қазақстан азаматы бар. Олардың 516-сы консулдық есепке алынған. Елшілік азаматтарымызбен тұрақты байланыста. Құрбан болғандар арасында біздің азаматтар жоқ, бұл оқиғаға байланысты елшілікке ешқандай шағым түскен жоқ.

Израиль мен Палестина арасындағы бейбіт келісімге қолдау білдірген алты жетекші топ бар. «Демек, шабуыл бейбіт келісімге қарсы бағытталған», — деп топшылайды сарапшгылар. «Ұлыбритания, Франция, Түркия, Сауд Арабиясы сияқты елдер де бұл әрекетті сынға алды», — дейді стамбулдық әріптесіміз

ЙЫЛМАЗ АКЫНДЖЫ, ӘЛ ЖАЗИРА ТЕЛЕКАНАЛЫНЫҢ ТІЛШІСІ:
— «Әрине, олар мұндай жағдай қайталанбайды», — дейді. Бірақ ақпаратты тым кеш алғандықтан, Қатар үшін бұл оқиғадан еш пайда болған жоқ. Бір рет болған нәрсе, тағы қайталануы мүмкін. Бұл АҚШ-тың Израильге ықпалы жоқ екенін көрсетеді. Азаматтар қаза тапқан жоқ, бірақ шабуыл кезінде бір катарлық офицер және бейбіт келісімді қолдаған ХАМАС ұйымының 5 мүшесі қаза тапты. Бұл жағдай Израильдің ХАМАС-пен немесе Газамен ешқандай келісімге келгісі келмейтінін дәлелдейді.

Бұл ретте әскерилер қай елдімекенді нысанға алынғанын нақтыламаған. Әл Жазираның Хамастағы жоғары шенді дереккөзінің мәліметінше, шабуыл Дохадағы ұйым басшыларының кездесуі кезінде болған.
———————————————