Келесі жылдың қаңтарында зейнетақы 10% өседі. Ал зейнетке шығу жасын 58-ге төмендету жайы қарастырылмайды. Бүгін Мәжілісте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі- осылай деді. Светлана Жақыпова: «Елде ең төменгі жалақы мөлшері өзгермейді», — деді.
Еңбек министрі бүгін Мәжілісте 1 миллионнан астам қазақстандықтың төмен жалақы алатынын айтты. Соның ішінде 780 мың адамның жалақысы – 85 мың теңге, тағы 329 мыңы одан да аз, 80 мың теңге айлық алады.
СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— Жұмыс берушілер тек контрактпен жұмыскерлерді алып, бірнеше сағатқа ғана жұмысқа тартқан азаматтар. Басқа санатқа жатқан азаматтардың саны 780 мың азамат 85 мың теңге көлемінде алып отыр. Бұның ішінде бірнеше санат бар: біріншіден, тағы да талдау жүргізіп өткізгенде, ірі кәсіпорындар салықтан кету үшін атаулы жарналар, атаулы төлемдерді респуликалық бюджеттен тыс аударымдарды азайту үшін 85 мыңды төлеп, басқасын конвертте беретіні мәлім.
Светлана Жақыпова ең төменгі жалақы алатын жандарға е-Өтініш арқылы арыз жазуды кеңес етеді. «Еңбек шарты болмаса да, ай сайын картасына ақша түсіп тұрса, жұмысшы құқығы қорғалады», — деді. Жұмыс беруші 85 мыңнан артыққа жалақымды өсірмейді деп биыл небары 18 адам шағымданған. «Олардың айлығын өсіріп бердік», — деді министр.
СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— Қазақстандықтарға айтатыным, 1414 нөміріне хабарлассаңыздар, тек еңбек деген сөзді айтасаңыздар, біздің инспекцияға аударады, сол жерде арыздарыңызды бере аласыздар. Біз оны қазір ғана бастадық. Бұрын мұндай болмаған. 18 арыз да түспеген. Тек жүре берген, төлейді, жарайды, болды деп. Сондықтан, айтарым, біліктілігініңіз жоғары болса, жасап отырған еңбегіңіздің сапасы жоғары болса, сіздің жалақыңыз жоғары болуы керек.
Сөйте тұра, елдегі ең төменгі ресми жалақы көлемі өзгермейді. Келесі жылы да 85 мың теңге болады. Мұндай ақшаға адам қалай өмір сүреді деген сұраққа министр былай жауап берді:
СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— 85 мың алмау үшін, біріншіден, оқу керек, еңбектену керек, өзінің біліктілігін көтеруі керек. Сондықтан басқа жұмысқа орналасып, 85 мыңнан көп жалақы алуы керек. Екіншіден, егер жанұя сондай жағдайға тап болса, жанұяның азаматы 85 мың ғана алып отырса, анасы кішкентай баласына күтім көрсетіп отырса, мемлекет ол жанұяны жалғыз қалдырмайды. Біріншіден, бала күтіміне байланысты төлемдер төленеді. Егер ол төлем күнкөріс деңгейінен төмен болса, оларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Атаулы әлеуметтік көмек демекші, Президенттің жәрдемақыға қатысты сынынан соң, Еңбек министрлігі жеңілдіктер түрін түгендеп, қажет емесін қысқартпақшы. «Бірақ даурығудың жөні жоқ, республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақы сол күйі қалады», — деді Светлана Жақыпова.
Министр тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға зейнетақы төленбейді деген ақпараттың мәнін де түсіндірді. Айтуынша, бұның Қазақстанда тұратын зейнеткерлерге қатысы жоқ. Бұл – Ресей, Өзбекстан секілді басқа елдерде тұрып, екі жақтан зейнетақы рәсімдеген жандарға қатысты талап. Елде тұрғын ретінде тіркелмеген 100 мыңдай адам қазір зейнетақы алып отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.