Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынастың болашағы зор. Бұлай деп Ақордада елімізге мемлекеттік сапармен келген Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекедимен кездесу кезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Президент біздің ел мен Африка елінің табиғи ресурстарға бай әрі экономикалық мүмкіндігі мол екеніне назар аударып: «Екі мемлекет өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алады», — деді. Мысалы, әлемдегі кобальт өндірісінің 76%, мыстың 14%, қалайының 8%, танталдың 42% Конго Демократиялық Республикасына тиесілі. Сонымен қатар ол елде жоғары технологиялық салаларға қажет басқа да стратегиялық минералдардың мол қоры бар.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Ең алдымен, Қазақстанға қош келдіңіздер деп айтқым келеді. Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп жатсыз. Шын мәнінде, мұны тарихи сапар деуге болады. Сапарыңыз өте маңызды. Бұл қадам Қазақстан мен Конго арасындағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді. Еліңіз – адами және табиғи ресурсқа бай мемлекет. Халық саны 110 миллионнан астам ел. Сондай-ақ Конгоның халықаралық және аймақтық деңгейдегі рөлі артып келе жатыр. Осы орайда бүгінгі келіссөздер Орталық Азия және Африка арасындағы байланысты күшейтуге ықпал етеді деп сенеміз. Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту – еліміздің сыртқы саясатындағы маңызды бағыттың бірі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.