Петропавлдық қария электронды домбыра жасап шығарды

Ел іші – өнер кеніші. Солтүстікқазақстандық зейнеткер Болат Қанафин қазақтың қара домбырасын түрлендіріп, оның заманауи үлгісін жасап шығарды. Ол барабан, флейта, фортепиано, гитара секілді бірнеше аспаптың үнін шығара алады. Жақында өнертапқыш Жапонияға барып, тың туындысын халықаралық деңгейде патенттемек.
Болат Қанафин – қазақтың қос ішекті қара домбырасын түрлендірген жан. Инновациялық туындысын жасау үшін 5 жылдан артық уақытын сарп еткен. 9 вольттық тоқ арқылы жұмыс істейді. Әртүрлі аспаптың үнін қатар шығарады. Сондықтан оны «миди домбыра-сентизатор» деп атаған.

БОЛАТ ҚАНАФИН, ӨНЕРТАПҚЫШ:
— Өзіме сондай идея келді. Ұлы бабаларымыз насихаттаған көне домбыраны электроника арқылы жетілдіріп, дамытып, биік дәрежелі профессионалды аспаптардың қатарына қосуды қаладым. Скрипка, гитара, фортепиано, орган, мандолина, клавесин, кларнет – осы инструменттің бәрі осы 2 шекті 27 пернесі бар қарапайым көне домбыраның бойына бағынышты.

Өнертапқыш бала күнгі арманын зейнетке шыққан соң жүзеге асырды. Түрленген аспапта жоғары және төменгі ноталарды еркін ойнауға болады. Әрі перне орнына батырма орнатылған.

Бүгінде қария мини-домбыра-сентизатордың 5 түрін жасаған. Енді пернелерді сенсорлы экран алмастырады. Және ол халықаралық деңгейде панеттеледі.

БОЛАТ ҚАНАФИН, ӨНЕРТАПҚЫШ:
— Кнопка болмайды. Телефонның бетін қалай басасың, дәл солай болады. 32 дыбыс генераторы болады, 120 функция береді.
Болат Қанафин – музыка пәнінің мұғалімі. 50-ден астам ән жазған. «Мақсатым – атадан балаға мирас болған ұлттық аспапты әлемге таныту», — дейді ол.
———————————————