Әлеуметтік желіде абайлап сөйлеу керек. Аутизмі бар балаға тіл тигізген блогерді қалың бұқара оңдырып жатқан жоқ. Жерден алып, жерге салуда. Көптің кәрінен қорыққан қыз бала іс насырға шаппас үшін жария кешірім сұрады. Бірақ сөздің сүйектен өтетінін қаперден шығарып алған блогер жазадан құтылмайтын болды.
13 жастағы бала ойын алаңында 2 жасар бүлдіршінді лақтырып жібереді. Сәбидің қолы сынған. Осы оқиғадан кейін 80 мыңнан астам оқырманы бар қазақстандық блогер желідегі жазба астына пікір қалдырған. Онда аутизммен ауыратын балаларды қоғамнан оқшаулауға үндейді.
«Аутизмі бар бала көшеде не істеп жүр? Оның ата-анасын жазалау керек. Қазір аутизм тым көбейіп кетті, оны емдеу қажет, ал емделмесе – өлтіру керек».
Бұл пікір тез тарап, көпшіліктің ашуын тудырды. Желі қолданушылары блогерді жауапқа тартуды сұрады. Көп ұзамай басы дауға қалған Райхан Жұмамұратова Instagram парақшасында кешірім сұрады.
РАЙХАН ЖҰМАМҰРАТОВА, БЛОГЕР:
— Ауыр айтқаным үшін аутист балалардың ата-аналарынан кешірім сұраймын. Мен ондай арам, жаман оймен айтқан жоқпын. Эмоцияға, ашуға беріліп айтып қойдым. Сол үшін ренжімеңіздер. Әр ата-анаға баланың орны бөлек.
Айтылған сөз – атылған оқпен тең. Желіде былапыт сөйлеп, артынан кешіріммен құтылуға болмайды. Еңбек және халықты Әлеуметтік қорғау министрі де бұл жағдайға бей-жай қарамайтынын жеткізді. Қатаң жаза қолдану керек деп есептейді.
СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
— Мұндай жағдай қайталанбауы керек. Біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Ерекше қажеттілігі бар балалар – қоғамның толыққанды мүшесі. Олардың құқығы қорғалуы тиіс. Біздің міндет – барынша қолдау көрсету. Блогердің айтқан пікірі адамгершілік тұрғысынан да, заң аясынан қабылданбайды.
Бұл жағдайға «AUTISM KAZAKHSTAN» қауымдастығы да дереу үн қатты. Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне сауал жолдап, блогерді жауапқа тартуды сұрады. Құзырлы орган заң аясында тиісті шара қабыладанатынын мәлімдеді.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК, ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Қазіргі таңда бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, заңнамамен көзделген тиісті сараптамалық зерттеулер және шаралар қолданылуда. Блогер міндетті түрде жауапқа тартылады. Сонымен қатар Қазақстан полициясы әлеуметтік араздықты, қатыгездікті және басқа агрессияны үгіттейтін әрекеттерге тосқауыл қояды.
Соңғы кезде әлеуметтік желіде аузына келгенді көкитіндер көбейді. Қазір жас та, жасамыс та виртуалды әлемге телміріп отырады. Яғни ғаламтордың ұрпақ тәрбиесіне ықпалы зор. Мемлекет басшысы да халыққа Жолдауында осыны айтып, қоғамды жауапкершілікке шақырған болатын.
ИНАРА БАРСАҚБАЕВА, ТІЛШІ:
— Иә, көпшіліктің пікірі ортақ. Әлеуметтік желіде өзгені балағаттауды және дөрекілік көрсетуді бұқара да қолдамайды. Шынайы өмірде де, виртуалды әлемде де әдептен озбай, жауапкершіліктің бар екенін қаперде ұстайық, — дейді көпшілік.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.