Бала қоғамдық орында балағат сөз айтса, ата-ана жазаланады. Алғашында 40 мың теңге айыппұл арқалайды. Жағдай қайталанса, айыппұл көлемі арта береді. Мұны естіген жұрт жаңа ережені қызу талқылап жатыр. Бірақ көбі оның бұрыннан барын біле бермейді. Сонымен халықтың пікірі қандай?
Бала қоғамдық орында балағат сөз айтса, ата-ана айыппұл арқалайды. Бұл жаңалық желіде желдей есіп, елді дүрліктіргені жасырын емес. Алайда полиция қызметкерлері бұл заң бұрыннан бар екенін ескертеді.
МЕДЕТ СЕЙТМАҒАМБЕТОВ – ПОЛИЦИЯНЫҢ АҒА УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:
— Егер құқықбұзушылық алғаш рет жасалса, ата-аналарға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 1 жылдың ішінде қайталанып жасалған осы әрекет 15 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 тәулікке дейін сот әкімшілік қамаққа алуы мүмкін.
Егер бала кішкентай болса әдетте ескерту жасалады. Ал жасөспірімге «ұсақ бұзақылық» бабы қолданылады. Яғни 16 жасқа дейін ата-ана, одан кейін – боқтық айтқанның өзі жауапқа тартылады.
СЕРГЕЙ УТКИН, ЗАҢГЕР:
— Әрине, алдымен істі дұрыс қарап, зерделеу керек. Себебі бала бейәдеп сөзді көбіне абайсызда айтады. 16 жасқа дейінгі балалар үшін ата-аналары жауап береді. Заңда «бала тәрбиесін орындамау» деген бап бар. Ал 16 мен 18 жас аралығында болса – жасөспірімнің өзі жауап береді.
Дегенмен ата-аналардың дені айыппұл салу мәселені шешпейді деген пікірде.
АЙНҰР ДҮКЕНБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Баланың боқтық сөз айтқанын қаламаймын. Бірақ ол біреуден естіп, қайталауы мүмкін. Сондықтан бірден айыппұл салу дұрыс емес. Керісінше түсіндіру жұмысын жүргізген абзал. Себебі кейбірі балағат сөздердің мағынасын да түсінбейді.
Психологтар да осындай пікірде.
ВАЛЕНТИНА БОКАЧЁВА – ПСИХОЛОГ:
— Ата-ана өз баласы үшін әрқашан үлгі болуы керек. Жақсы тәрбие берсе, бала оң-солын танып өседі. Сәйкесінше, көшеде жүргенде де өзін әдепті ұстайды. Сондықтан бәрі өзімізге байланысты.
Айта кеткен жөн, тілден тайған баланың ісі сотқа жетсе, мұқият зерттеледі. Яғни оның отбасылық жағдайы, мінез-құлқы, әлеуметтік ортасы тіпті мектептегі әрекеті де ескеріледі. Сондықтан мамандар балаға әдептілікті отбасында үйреткен дұрыс деп есептейді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.