Жол апаты жиілеп кетті: самокатшыларға жаңа ереже енгізілмек

«Әр баланың өмірі қымбат. Бұндай мәселеге атүсті қарауға болмайды. Электросамокаттар туралы Заңды шұғыл өзгерту керек», — деді Президент халыққа Жолдауында. Бұған бірден бір себеп – жол апатының көбеюі. Жыл басынан бері елімізде қос дөңгелекті көлік тізгіндеген 20 мыңнан аса адам жол ережесін бұзып, кесірінен жүздеген жаяу жүргінші зардап шеккен. Қазір полиция самокат айдаушыларды тәртіпке шақырып, кез келген жерге тастап кеткен электр көлігін арнайы тұрақтарға әкете бастады.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ-ТІЛШІ:
— Енді электрсамокатты пайдаланған соң кез келген жерге тастап кете алмайсыз. Өйткені ондағы төлем тоқтамай, ары қарай есептей беруі мүмкін. Сондықтан қалтаңызды қақпасын десеңіз, құралды жұртқа бөгет жасамайтын жерге қойыңыз. Бұл – самокат пайдаланушыны тәртіпке шақыру үшін айтылып отырған ұсыныс.

Президент Жолдауынан кейін ұсыныс та көбейді. Мақсат – электр самокат айдағандарды жөнге салу. Әрине, бұл құрал діттеген жерге жылдам жетуге қолайлы екені рас. Бірақ жаяу жүргінші жолында алаңсыз келе жатқан талайды соғып, мертіктірген жайттар тіпті көбейіп кетті. Қос дөңгелекті көліктің елордада ғана 8 мыңға жуығы бар екен. Жыл басынан бері 31 жол апаты осы самокаттың қатысуымен болған. 40 шақты адам дене жарақатын алыпты. Солардың бірі – аяқ астынан аяғын сындырған астаналық.

РОЗА ЖҮНІСБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Самокатпен келе жатқан қыз артымнан келіп соғып, аяғым сынды. 40 күн емделдім. Одан кейін сол жерге полиция келді. Ол қызға ешнәрсе істеген жоқ.

Қала тұрғыны аяғы сынса да, кәмелетке толмаған қыз баланы аяп шағым жазбаған. Ал Алматыда екі жасөспірім самокатпен ұштырып келе жатып, нәресте жатқан арбаны қағып кеткені ел есінде. Арда аударылды, сәби аман. Енді азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін самокаттарды жалға беретін шерингілік компанияларға талап күшейтілмек.

МАХАМБЕТ ТӨЛЕШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Бірқатар ұсыныс енгізілді, оның ішінде техникалық рұқсат етілген ең жоғарғы жылдамдықты 25-тен 10 км/сағ дейін төмендету және самокаттардың тұрақ тәртібін тиісті бақылауды қамтамасыз ету үшін шерингілік компаниялар қызметкерлерінің санын арттыру қажеттілігі. Сондай-ақ кәмелетке толмаған тұлғаларға самокаттарды жалға алу құқығын шектеу үшін биометриялық бақылауды енгізу және басқа да шаралар ұсынылды.

Электрлі самокатқа екі адам мінгесуге болмайды. Ережеде осылай жазылған. Сондықтан полицейлер көшелерге жиі шығып, осы талапты сақтамағандарды жауапқа тартып жатыр. Ал заң саласының мамандары болашақта жауапкершілікті күшейтудің жолын қарастырып жатыр.
———————————————