Түркістан қаласының тұрғыны Айзада Мейірбанова техника тілін еркін меңгерген. Ол осыдан жиырма жыл бұрын көлік жөндеу ісін қолға алып, бүгінде бұл кәсібін өмірлік серігіне айналдырған. Жергілікті жүргізушілердің көбі оны жақсы таниды. Өйткені көліктерінде қандай да бір ақау пайда болса, сенімді шебер ретінде механик әйелге барады.
Талай темір тұлпардың бойындағы ақауды тауып, жөндеп, қатарға қосып жүрген түркістандық көлік шебері Айзада Мейірбанова бұл салада жиырма үш жылдық тәжірибеге ие. Бұған дейін ол біраз уақыт тігіншілікпен, кейіннен саудамен айналысқан. Алайда көп ұзамай бұл жұмыстардың өзіне жақын еместігін сезіп, техникаға деген шынайы қызығушылығын аңғарады. Алғашқыда еңбегі ауыр болғанына қарамастан, көлік дөңгелектерін жамаудан бастап, біртіндеп өз ісін жолға қояды.
АЙЗАДА МЕЙІРБАНОВА, АВТОМЕХАНИК:
— Үйде ешкім жоқ кезде баллонның желін шығарамын, кәмірді жамаймын, сөйтіп үйрендім. Солай жұмысты бастап кеттім, содан әлі келе жатырмыз. Ақшадан бұрын келген адам риза болып кесте, ең жақсысы – сол.
Бұл кәсіпке деген қызығушылық Айзада Мейірбановаға қанмен берілген. Әулеттегі ер азаматтардың көбі осы саланың қыр-сырын меңгеріп, еңбек етеді. Алайда қыз баланың көлік жөндеумен айналысқанына отбасы қарсы болған екен.
ӘЛИАСҚАР ЖАППАРҰЛЫ – АҒАСЫ:
— Қыз балаға ауырлау ғой деп жүретін едім, бірақ сонда да істеп жүрген. Кейін ер балдарға қарағанда тез алып кетті.
Иә, кейіпкеріміздің шеберханасы босаған емес. Мұнда көлігін жөндетуге елдің әр өңірінен арнайы келетін жүргізушілер де бар. Оның қолының ептілігіне көзі жеткен тұрақты клиенттері қайта іздеп келеді.
ЕРАСЫЛ ӘЛІМ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Қызылордадан келе жатып, көлігім бұзылып қалды. Осы кісіге келдім, бәрін тазалатып берді, көңілімнен шықты. Басқа жерлдерді білем, бірақ бұл кісі сияқты істей алмайды.
Шебер көмекке мұқтаж жанды ешқашан жолда қалдырмайды. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Уақыты сәйкес келмесе де, тіпті түн ортасы болғанына қарамастан, істі соңына дейін жеткізіп, көлікті жөндеп беруге тырысады.
АЙЗАДА МЕЙІРБАНОВА, АВТОМЕХАНИК:
— Жақында Ташкенттің орыстары жолда қалып кеткен екен. Үйіме бара жатсам, жолда тұр екен. Көмек керек пе, десем иә деді. Қарасам, ол жерде бітетіндей жұмыс емес. Сүйреп шеберханаға алып келдік. Басқа елдің адамы болғаннан кейін қанша дегенмен қорқып тұр. Сосын әкеп, машинасын түнгі сағат екіге дейін жөндеп, трассаға шығарып салдық.
Көлік шебері өңірдегі жүргізушілерге сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуді жалғастыра бермек. Алдағы уақытта шеберханасын үлкейтуді де жоспарлап отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.