Жарысқа үмітпен шығарып салып, табытпен қарсы алды. Ақтөбеде оқу-жаттығу жиынынан кейін 15 жастағы спортшы көз жұмды. Рахымжан Елепбергенов қазақша күрес кезінде ауыр ми жарақатын алады. Бірақ сол сәтте дәрігерлер де, жедел жәрдем де болмаған. Боз кілемде құлап, есінен танған балаға алғашқы көмек көрсетілмеген. Әкесі Нұрлыбек Мұқанғалиевтің айтуынша, бапкер баланы 8 минуттан кейін өзі көтеріп, қайтадан жерге тастаған. «Баланы аман алып қалуға болар еді», — дейді ата-ана. Бірақ бапкер алғашқы кезде болған жайтты жасырып, баланың жай ғана өзін нашар сезінгенін айтқан. Алғашқы операция да кеш жасалыпты. Барлығы бес операция болды. Спортшы бала 5 сәуірде ауруханада көз жұмады. Қайғылы жағдай Олимпиадалық резерв мектебінде болған. Бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс көп ұзамай тоқтатылған. Марқұмның ата-анасы істің қайта тергелуін талап етіп отыр. Айтуларынша, баласының өліміне нақты кінәлілер жауапқа тартылмаған.
НҰРЛЫБЕК МҰҚАНҒАЛИЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Сборды ұйымдастырған, ұлымды аяғымен алып кетіп, табытпен әкелген адамдардың бәрі жазасын алсын деймін. Маған ол адамдардан бір тиын керек жоқ. Ауылдан көшіп кеттік. Білім басшысы, ағайы жазасын алсын!
ЕРБОЛАТ САРҚҰЛОВ, ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Тергеу аясында барлық тексеріс жүргізілді. Соның ішінде бейнебақылау камераларын, жазбаларын қарап, куәгерлер мен оқиғаға қатысушылардан жауап алынды. Қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі қадағалаушы органның қадағалауымен қылмыстық іс тоқтатылды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.