«Миллионмен декретке» шығуға көмектескен екі есепші сотталды

Ақтөбеде екі есепші 6 жылға сотталды. Олар әйелдерді декретке шығар алдында жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, әлеуметтік төлемдерді заңсыз рәсімдеген. Тергеу дерегі бойынша, мемлекетке келтірілген шығын – 98 миллион теңге. Айыпталушылардың екеуі де – жеке кәсіпкер, кәсіби есепшілер. Ал енді алаяқтық бабымен сотталып жатыр. Болашақ аналарды жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, бірнеше ай әлеуметтік аударым жасап, кейін қомақты декреттік төлем алуға көмектескен. Жас бухгалтер «Декретке миллионмен» атты курсқа онлайн қатысып, «қалай заңды жолмен миллион алуға болады» деген әдістерді меңгерген. Кейін бұл білімін іс жүзінде қолданып, жүкті әйелдерге Instagram арқылы жарнама жасап, көмектесуге уәде берген.
ЖАНСАЯ ТАЙЫРОВА, БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:
— Сот үкіміен сотталушылар ҚК 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, бухгалтерлік құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігінің негізінде сотталушыларға қатысты тағайындалған жазаны орындау олардың балалары 14 жасқа толғанға дейін, бірақ 5 жылдан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды.
———————————————