Албанияда жасанды интеллект негізінде жасалған әлемдегі алғашқы виртуалды министр таныстырылды. Ол мемлекеттік сатып алуларға жауапты. ЖИ-модель тендер жүйесін барынша ашық қылып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жұмыс істейді. Қазір біздің елімізде де жасанды интеллект түрлі салаға қарқынды түрде енгізіліп жатыр. Мемлекет басшысы ЖИ-ді барлық салаға енгізуді тапсырған болатын. Ол үшін әуелі салалық министрлік құрылуы тиіс.
Автоматтандырылған есептер, клиенттердің іс-әрекетін болжау мен колл-орталықтардағы чат-боттар. Мұның бәрі қазіргі заман талабы. Бүгінде нейрожелілер мемлекеттік қызмет пен бизнес секторға үлкен қарқынмен еніп жатыр. Мектептер, ауруханалар, банктер мен логистикада жасанды интеллекті жаппай қолданылуда. Соның арқасында еліміз бүгінде үздік 50 мемлекеттің қатарында.
АЛЕКСАНДР БАЙТОВ – САРАПШЫСЫ:
ЖИ бүгінде Қазақстандағы ТОП-3 банкте кеңінен қолданылады. Бұл – факт. Дәл солай телекоммуникациялық компаниялар да тұтынушыларға қызмет көрсету саласында жұмыс істеп келеді. Колл-орталықтар да жасанды интеллект негізінде автоматтандырылып жатыр.
Елде цифрландыру мен ЖИ енгізу – қазір басты міндет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мұны қадап айтты. Былтыр осы саладағы стартаптарға шамамен 100 миллиард доллар инвестиция салынды. Бірнеше жылда қаржыландыру көлемі 80%-ға артты. Бірақ мұнымен бірге қауіп те жоқ емес. Сарапшылар осылай дейді. Сондықтан жақын арада тиісті заң мен ережелер қабылданбақ.
ЕКАТЕРИНА СМЫШЛЯЕВА – ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
— Алдағы күндері біз жасанды интеллект туралы заңды қабылдаймыз. Одан кейін барлық экономикалық құжатқа негіз болатын цифрлық кодексті жеделдетіп қабылдау міндеті тұр.
Еуропада жасанды интеллект туралы әлемдегі алғашқы заң – AI Act қабылданып қойды. Құжат алгоритмдердің ашықтығынан бастап авторлық құқыққа дейінгі барлық мәселені реттейді. «Ал Қазақстанның – өз жолы бар», — дейді сарапшылар. Республикада мамандар, цифрлық сервистер мен мемлекеттік жобалар түрінде база болғанымен, технологияны дамыту мен оны қауіпсіз пайдалану арасында тепе-теңдікті табу қажет.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.