Цифрлық теңгенің қызығын халық 2027 жылдан бастап толық көріп, түсінетін болады. Бұл туралы сарапшы бізге берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, цифрлық теңге арқылы мемлекет бөлінген қаражаттың кімнің қолына түскенін, қайда жұмсалғанын және қандай мақсатта пайдаланылғанын бақылай алады. Осылайша қаржы ағынын қадағалау жеңілдей түспек. Сарапшы пікірін тыңдайық.
АЙБАР ОЛЖАЕВ – ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:
— Бес жылдық үлкен дайындық бітіп, енді биылдан бастап біз цифрлы теңгені күнделікті қолдану процесіне көшеміз. Халық ең соңғы тізбекте, біріншісі бизнес болады. Цифрлы теңгеге бірінші бизнес көшеді. Мемлекет тарапынан бөлінетін үлкен қаржы, мысалы, көпір салу, жол салу соған цифрлы теңге беріледі. Бұл жердегі негізгі мақсат цифрлы теңгенің жемқорлыққа ұшырамауы, ұрланып кетпеуі және қай мақсатқа бөлінді, сол мақсатта жұмсалуын қамтамасыз ету.
Криптовалюта мен цифрлық теңге – екі бөлек ұғым. Биткоин, эфир секілді активтер бүгінде халықаралық деңгейде стратегиялық қор құру тәжірибесіне еніп жатыр. АҚШ, Эквадор сияқты елдер өз қорларын ашқан. Қазақстан да цифрлық активтер арқылы резервтің жаңа формасын қарастыруда. Ал бізде криптовалютамен сауда-саттық жасауға жағдай бар ма?
АЙБАР ОЛЖАЕВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ:
— Криптовалютаға қатысты заңнамалық активтерімізді реттеп жатырмыз. Бізде криптовалюталық заңды айналым бар және заңсыз айналым бар. ҚР аумағында кәдімгі лицензия берілген бізден аккредитациядан өткен, белгілі бір крипто биржалар бар. Солармен жұмыс істеген заңды. Ал бізде белгілі бір рұқсат алмаған, аккредитация өткізбеген басқа крипто биржалармен жұмыс істеу заңсыз. Сондықтан криптовалютамен жұмыс істеген кезде ол биржа Қазақстан аумағында тіркелді ме, өзінің тиісті рұқсаты бар ма соны анықтап алу керек. Себебі қазір заңсыз айналым да аз емес.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.