Петропавлда 500-ден астам отбасы 5 күннен бері газсыз отыр

Петропавлда күн суытқан шақта тұрғындар көгілдір отынсыз қалды. 500-ден астам отбасы 5 күннен бері газсыз отыр. Себебі орталық аудандағы құбырлардың бірінен ақау шыққан. Мәселе қашан шешіледі?
Петропавл қаласының тұрғыны Игорь Ластовецтің ас үйінен ыстық тамақтың буы бұрқырамағына бес күн болған. Ол қазір ыстық тамақ ішу үшін отбасымен туған-туыстарын жағалап жүр.

ИГОРЬ ЛАСТОВЕЦ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Бір аптаға жуықтап қалды, ағайындардың үйінде тамақтанамыз. Коммуналдық төлемдерді уақытында жасаймын. Алайда сапалы қызмет жоқ. Жарық жиі өшеді. Қыста жылусыз қалатын күндер болады. Ал қазір газдан таршылық көріп отырмыз.

Әсіресе көпбалалы отбасылар мен зейнеткерлерге қиын. Себебі олардың дені қазір электр құрылғыларын пайдалануға мәжбүр. Енді жарық үшін келетін ай сайынғы төлем 2-3 есе артатыны айтпаса да түсінікті.

ЛЮДМИЛА ЗЫРЯНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
— Күн суытты. Қалаға жылу берілген жоқ. Баспанамыздың іші де салқын. Үш балам бар. Оларға күнде ыстық тамақ беруім керек. Сондықтан бұл мәселені тезірек шешіп берсе деймін.

Қаланың қақ ортасындағы көпкөпқабатты 5 үйде 500-ден астам отбасы тұрады. Олар бес күннен бері көгілдір отынсыз отыр. Жауапты мамандар жер астынан өтетін желіден газ бөлініп жатқанын анықтаған.

ТИМУР ЖҰМАНОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— 8 қыркүйек күні құбыр зақымданғаны белгілі болды. Салдарынан бірнеше үйге газ беру уақытша тоқтатылды. Бұл мәжбүрлі шара. Қазір оқиға орнында бригада жұмыс істеп жатыр. Жағдай жақында тұрақталады.

Қалалық әкімдік өкілдері мәселені екі күнде шешіледі деп уәде етті.
———————————————