Мемлекет басшысы Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы шейх Мұхаммед бен Абдулкарим Әл-Исаны қабылдады. Кездесу Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі аясында өтті. Президент ұйым басшысына бейбітшілік пен дінаралық диалогты ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Президент Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатында дінаралық келісімге айрықша мән берілетінін атап өтті. Еліміздің бастамалары жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке оң ықпал етіп жатқанын айтты. Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысы Астанада тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан діндер съезі адамзаттық құндылықтарды ілгерілететін бірегей диалог алаңы деп бағалады. Дінаралық келісімді нығайтуға және ислам өркениетін насихаттауға қосқан елеулі үлесі үшін Мемлекет басшысы мәртебелі мейманды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.