Павлодарлық Павел Готман әлемдік сәулет жауһарларының макетін жасайды

Павлодарлық Павел Готман әлемдік сәулет жауһарларының шағын макетін жасайды. Әр туындысы ерекше дәлдікпен, нәзік қолөнер шеберлігімен орындалған. Арасында Еуропа, Азия және Ресейдің ең әйгілі ғимараттарының шағын үлгілері бар.
Мамандығы бойынша құрылысшы Павел Готман жүрегін суретшілік өнерге арнаған. Бала кезінен сәулет өнеріне ерекше қызыққан. Алайда қарбалас тіршілікпен мәдени мұраға бет бұруға уақыт жетпегенін айтады. Зейнеткерлікке шыққан соң ғана, инженер-құрылысшы тарихи ғимараттардың мінсіз макетін жасауды қолға алыпты.

ПАВЕЛ ГОТМАН, ИНЖЕНЕР-ҚҰРЫЛЫСШЫ:
— Мұның барлығы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізімінде, сондықтан оларды табу салыстырмалы түрде оңай. Бірақ сызбасын табу қиын, тіпті жоқтың қасы. Барлығы масштабқа сәйкес жасалған, бірақ пропорция, ішкі көлемі, барлық өлшемі нақты сақталған. Яғни биіктік пен ені, терезелердің өлшемдері дәлме-дәл орындалған.

Әрбір жұмысы – әлемдік сәулет өнерінің көрнекті үлгілерінің дәл көшірмесі, мұқият шеберлікпен және әр бөлшегіне ерекше көңіл бөліп жасалған. Оның шығармалары арасында Берлин кафедралдық соборы, Кремльдегі Ұлы Иванның қоңырау мұнарасы, Исаакиевский ғибадатханасы бар. Әрине, туған қаласы Павлодардағы бірегей ғимараттар да назардан тыс қалмаған. Сондай-ақ шебер Қазақстанның символдық нысандарына да мән беріп, «Бәйтерек» монументі мен «Ақ Орда» резиденциясының макетін жасаған.

ПАВЕЛ ГОТМАН, ИНЖЕНЕР-ҚҰРЫЛЫСШЫ:
— Бұл көп еңбекті талап ететін жұмыс болды, төрт ай бойы істедім. Өте көп терезе бар, оның бәрін кесіп шығару керек болды, белгілеу, кесу, әйнек әсерін беру бар. Ал әйнек жақтауын скальпельмен кесіп жасадым. Акрил эмальдарымен бірнеше рет боялды, түсін таңдау оңай жұмыс емес, бірнеше рет сынап көресіз, бояйсыз, қайта бояйсыз. Бірақ ақырында ойдағыдай шыққан сияқты.

22 сәулет макетінен тұратын көрме «Тарих қайта жанданды» деп аталды. Бірегей көрме Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ашылды.

ОЛЬГА ПАШКО, ОБЛЫСТЫҚ МУЗЕЙ ҚОРЛАРЫН САҚТАУШЫ:
— Мұндай көрме өте аз, біз әбден фотосуретке үйреніп кеткенбіз, сондықтан бұл туындыларды көрсету – үлкен мүмкіндік. Адамдар сәулет өнерін көру үшін түрлі қалаға арнайы барады. Ал оны өз қолымен жасап шығару – өте ерекше әрі бірегей тәжірибе. Бұл тұрғыда өмірін осындай шығармашылыққа арнаған адамның еңбегі зор. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атануы кездейсоқ емес екенін түсінесің.

Павлодарлық инженердің туындылары қанша уақыт өтсе де сәулет жауһарлары нағыз шебердің қолында жаңа «тірілетінін» көрсетеді.
———————————————