Жамбыл облысында оқушылардың өліміне байланысты бірнеше шенеунікке қатаң сөгіс берілді. Оның ішінде облыс әкімінің орынбасары мен облыстық білім басқармасының басшысы, Тараз және Шу ауданы әкімдері, орынбасарлары бар. Жаңа оқу жылы басталғалы өңірде үш жасөспірім бірінен соң бірі өз құрдастарының қолынан қаза тапты. Солардың бірі – кеше Тараздағы мектептің бірінде болған оқиға. Үзіліс кезінде мектеп әжетханасында төбелес шығып, 14 жастағы оқушы кеудесіне тиген соққыдан қаза тапты. Тағы бір қайғылы жағдай Білім күні қарсаңында болған. Онда жасөспірім қатарластары салған пышақ жарақатынан қайтыс болды. Ал Көкқайнар ауылында 11-сынып оқушысы футболдан кейін болған төбелесте жан тапсырды.
БАЙЖАН БАЙГЕЛДІ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Аталған дерек бойынша, ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-бабының 3-ші бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің жүргізілген жедел тергеу іс шаралары нәтижесінде кәмелетке толмағанның өліміне қатысы быр 3 күдікті, сонымен қатар «Бұзақылық» дерегі бойынша 2 кәмелетке толмағандар анықталып, қамаққа алынды.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.