Қызғалдақты стансасының балалары мектепке жету үшін вагон астынан өтеді

Ақтөбе қаласының іргесіндегі Қызғалдақты стансасының тұрғындары күн сайын қияметтің қыл көпірінен өткендей күй кешіп жатыр. Жолдың келесі бетіне өту үшін олар кәдімгі рельстің үстімен, вагонның астынан өтіп жүр. Әсіресе мектептегі үйірмелерге, қоғамдық жұмыстарға қатысқысы келетін оқушылар үшін қиын. Ауылда бұдан басқа тағы қандай мәселе бар?
Қызғалдақты стансасының оқушылары үшін биыл да мектепке жету қиын. Вагонның астынан өтіп жүр. Өйткені Қурайлы ауылына баратын басқа жол жоқ. Ең жақын теміржол өткелі бірнеше шақырым жерде. Ал вагондардың астынан өткеннен кейін ауыл тұрғындары тағы 200 метр алқаппен жүріп өтіп, автожолға шығады. Бірақ ол жердің өзі де қауіпті. Көлік көп, жаяу жүргіншілерге арналған жол жоқ.

ӘЛІБЕК ШЕГІРОВ, ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ СТАНСАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
— Қазір пойыздың астынан өту қиын болады. Өтетін жер қалдырады, бірақ болмай қалады. Қыста қиын. Қарама қарсы аялдама жоқ. Біз пойыздың астынан өтіп, аялдамағ жету үшін тағы 1 км жүреміз сол. Басқа жер жоқ.

Стансаға мектеп автобусы келеді, бірақ оған барлық бала үлгермейді. Оның үстіне балалар ауылдағы үйірмелерге қатысады. Ауылда студенттер де аз емес, оларға да қалаға жету үшін осы жолдан өтуге тура келеді. Соңғы 10 жыл бойы ауыл тұрғындары теміржолдың үстінен өтетін көпір салу керек деп айтып келеді. Бастапқыда әкімдік уәде берген, бірақ бұл мәселе ақыры шешілмейтін сияқты.

МИРАС ӘЖІБАЕВ, «АСТАНА» АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ ТҮКШ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
— Олар осы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілерге арналған өткел жасап беруді сұраған болатын. Қазіргі таңда экономикалық көзге қарағанда ол тиімді емес. Адам саны да аз. Сондықтан оған қаражат бөлу жағын дәлелдеп беруге өте қиын болады.

Адамы аз, келешегі жоқ дей ме, айтуларынша бұл елді мекенге өткел салу тиімсіз екен. Шенділер әзірге тек аялдама павильонын салып береміз деп отыр. Сондықтан Қызғалдақтың тұрғындарына жандарын шүберекке түйіп, вагон астымен теміржолды кесіп өтіп, білім алуларын жалғастырудан басқа амал жоқ.
———————————————