Атырау облысында қылмыстық топ стоматология арқылы 200 млрд теңге жымқырған

Енді тіс емханаларына бақылау күшеймек. Өйткені соңғы кездері зейнетақы қорынан қаржы алып, жымысқы әрекетке барғандар күрт көбейген. Қазір құзырлы орган оңай ақшаға кенелгендерді тергеп жатыр. Бір ғана Атырау облысында қылмыстық топ стоматологиялық клиникалар арқылы 200 млрд теңгені айналымнан шығарған. Ол үшін 200-ден астам дроперді қолданыпты. Қыруар ақшаға қымбат көлік, коммерциялық нысандар, пәтер мен жер телімін сатып алған.
Жәнібек Баймбетов – он жылдық өтілі бар тәжірбиелі тіс дәрігері. Бүгінде жеке клиникасын ашып, халыққа қызмет көрсетіп отыр. Күнделікті 4-5 пациентті қабылдайды. Тұрғындардың дені зейнетақы қорынан артылған қаржыға тісін емдейді. «Өйткені несиеге емделу тиімсіз», — дейді.

ЖӘНІБЕК БАЙМБЕТОВ, ТІС ДӘРІГЕРІ:
— Зейнетақыдан келіп емделетіндер көп. Халықта ақша жоқ. Көбі сол қаражаттан емдетеді. Бізде емделу шаралары 300-400 мың теңгеге шықса, имплант коронка салу млн-нан жоғары. Ал млн-нан асқан соң жұртта ондай қаржы жоқ. Сондықтан зейнетақы арқылы алып жатады. Келетіндердің көбі – 40-50 жастан асқандар.

Енді бармақ басты көз қыстыға жол берілмейді. Өйткені ДСМ жаңа жоба әзірледі. Бұдан былай барлық жеке және мемлекеттік тіс емханалары түгел бақылауда болады.

ӘЛИЯ БЕКЖАНОВА, ДСМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
— ДСМ емдеуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы ҚР ДСМ бұйрығына өзгеріс енгізу туралы бұйрықтың жобасын әзірледі. Жобада протездеу, имплантатциялау сияқты стамотологиялық қызметтерге біржолғы зейнетақы төлемдерін пвйдалану жөніндегі норманы алып тастау көзделген. Мұндай шешім медициналық құжаттарға квасивикациялау және зейнетақы жинақтарын мақсатсыз жұмсау көбейюіне байланысты қабылданып отыр.

Бес қылмыстық топты қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері мен прокурорлар ұстады. Ұйымдастырушылар жалған құжат арқылы Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа да қалада орналасқандай қылып, 30-дан астам стоматологиялық клиниканы пайдаланған. Бұл кәсіпкерлік нысандардың ғимараты да, жабдығы да, білікті маманы да қағаз жүзінде ғана бар болып шықты.

ЕРНАР ТАЙЖАН, ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ:
— Зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер жалпы құны 600 млн теңгеден астам 15 қымбат автокөлік, сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қылмыстық жолмен табылған мүлікті іздестіру жалғасуда.

Жалған құжат жасаған күдіктілер әр пациенттің ақшасынан 10-20 пайыз пайда көріп отырған. Түскен қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін 226 дроперді пайдаланыпты. Осылайша жалпы, 200 млрд-тан астам теңге айналымнан шығарылған. Қазірге дейін 59 тінту жұмысы жүргізіліп, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылды.
———————————————