Қарағанды облысында мемлекетке қайтарылған актив есебінен медициналық пункт ашылды. Ол 200-ден астам тұрғынға арналған және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Ғимаратта дәрігерге дейінгі көмек, қаралу және процедуралық кабинеттер қарастырылған. Ал шұғыл жағдайлар үшін аудандық аурухананың реанимобилі бекітілген. Бұл өңірде қайтарылған активтер есебінен салынған алғашқы нысан емес. Жыланды ауылында тағы бір медпункттің құрылысы жүріп жатыр. Жалпы облыс бойынша арнайы қор қаражатына жоспарланған 51 медициналық нысанның 24-і салынды, оның 11-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған 27-сі қыркүйек айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
САМАТ КЕНЖИБАЕВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі заманда фельдшерлік-акушерлік пунктар мен медициналық амбулаторияларды ашумен қатар, медицина қызметкерлері үшін жағдайын жасауға ерекше көңіл бөлуде. Жас мамандарға сегіз жарым миллион теңге дейін көтерме ақысы қарастырылған. Тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері шешілуде. Басты мақсат – ауыл тұрғындарын облыс орталығына бармай-ақ, тұрғылықты жерінде сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.