Президент Ақмола облысындағы егін жинау науқанымен танысты

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы егін жинау науқанымен танысты. Президент кәсіпорын жетекшілерімен саланың жай-күйі, жетістіктері, сондай-ақ қордаланған мәселелері жөнінде әңгімелесті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін аралап, Көкшетаудың бас жоспарымен танысты.
Ақмола облысының алқаптарында күзгі науқан қызған шақ. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті диқандарымен жүздесіп, ел үшін аса маңызды – егін жинау жұмыстарының барысын бақылады.

Биыл өңірде егіс көлемі 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 миллион гектарға жеткен. Шаруалардың күтері де көп: 7 миллион тоннадан астам дәнді, 650 мың тонна майлы дақыл бастыру. Қазірдің өзінде 3,6 миллион тонна астық жиналып, әр гектардан орта есеппен 15 центнер өнім алынды. Бұл – елдегі азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қараша айында Астанада екінші агрофорум өткіземіз. Бұдан былай ол дәстүрге айналады. Жыл сайын күн тәртібіндегі мәселелерді, шешуді қажет ететін түйткілдерді талқылап жиналатын боламыз. Бұл – мемлекет жұмысының ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін қолдаудағы аса маңызды бөлігі.

Мұнан соң Мемлекет басшысы жергілікті өнімдер көрмесін аралады. Ет-сүт, жартылай фабрикат, консервілер секілді жергілікті жұрт жасап жатқан өнімдермен танысты. Кейін мемлекет басшысы Зеренді ауданында аймақ шаруаларымен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Іс-шараға Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бейнебайланыс режимі арқылы қосылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Амандық болса, биыл Қостанай облысына міндетті түрде барамын. Жоспарымда бар. Жолдауымда Қостанай облысын арнайы атап өттім, Торғай жеріне баса назар аудару керек деп айттым. Арқалыққа биыл міндетті түрде барамын. Кезінде уәде бердім, оны орындайтын кез келді.

Президент егін шаруашылығын дамытудағы басым міндеттерді атап, бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды жедел енгізу міндетін қойды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:
— Цифрландыру, жасанды интеллект. Онсыз қазірдің өзінде өмір сүру қиын. Ал елдің тұтастай болашағын, әсіресе өскелең ұрпақтың жарқын келешегін қамтамасыз ету тіпті мүмкін емес. Сондықтан бұл мәселеге өте байыппен қарау керек. Кеше біз Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткіздік, онда киберқауіпсіздік туралы айттық. Қазір жасанды интеллект пен цифрландырудың дамуында қай деңгейде тұрғанымыз туралы сөз болды. Осы мәселе есеп үшін, формализм үшін ғана айтылып қоймай, шын мәнінде жасанды интеллект пен цифрландырудың нақты тетіктері ауыл шаруашылығына енгізілсе деймін.

Президент облыс орталығының қазіргі жағдайымен және оны дамыту жоспарларымен де танысты. Сапар аясында мемлекет басшысына Көкшетаудың 2050 жылға дейінгі Бас жоспары таныстырылды. Қала халқы болашақта жарты миллион адамға жетпек, демек, жаңа тұрғын аудандары мен әлеуметтік инфрақұрылым қажет. Спорт саласына да ерекше назарға алынбақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Көкшетауда 10 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионы салынатын болды.
———————————————