Қостанай облысында көкөніс жинау науқаны аяқталуға жақын. Шаруалар биыл мол өнімге қол жеткізді. Облыс картоп және қырыққабатпен ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алады. Алайда пияз өнімін басқа өңірлерден тасымалдауға мәжбүр. Қостанайлық аграрийлер бұл мәселені қалай шешетіндерін білмей дал. Одан бөлек, өңірде көкөніс сақтайтын қоймалар да жеткіліксіз.
Аграрийлердің маңдай тері ақталды. Бұл шаруашылықта көкөністің 30-ға жуық түрі өсіріледі. Картоп, қызылша, сәбіз, пекин қырыққабаты, брокколи, қауын-қарбыз. Тіпті пияздың бірнеше түрі бар. Шаруалар тың технологияны қолданып, қандай дақыл климатқа төзімді екенін анықтап жатыр.
БӘКІР БЕКІРОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
— Оңтүстікте пияз жақсы өседі. Бірақ біз де қолдан келгенше өнімділікті арттырудың жолын жасап жатырмыз. Келер жылы пияз алқабын 20 гектарға ұлғайтайтып, жергілікті нарықты толық қамтамасыз еткіміз келеді.
Иә, өйткені бұл облыс пияз өсіруге қолайсыз. Тобыл өңірі аталған көкөніс түрінің тек 15 пайызын ғана жинап келеді. Қалғаны оңтүстік облыстан тасымалданады. Ал сырттан келген өнімнің бағасы қымбат.
КЕНЖЕ ЖҰМАНДЫҚОВ, АШБ БАС МАМАНЫ:
— Биыл картоп егістігінің көлемі 7,1 мың гектарға дейін артты. Өңір ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп отыр. Тіпті былтырғы қажеттіліктен 26 мың тонна артық өнім жиналды. Шаруалар биыл мол өнімге қол жеткізді.
Бағасы да көңіл қуантады. Картоп 120-130 теңге, қырыққабат – 90 теңге, ал сәбіз 170 теңгеден аспайды. Былтырғымен салыстырғанда көкөністің бағасы 30-40 пайызға арзан. Бірақ шаруа қауымы жиналған өнімді қайда сақтайтындарын білмей дал. Қостанайда әлі күнге дейін көкөніс сақтайтын қойма тапшы. «Өнімнің жартысы ысырап болып қала ма», — деп алаңдайды шаруалар. Қойма құрылысына қатысты мемлекеттен жүйелі қолдау күтетіндерін жеткізді.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.