Шеге шығарудың шырғалаңы шаршатты. Оралда өз ісін өркендетпек болған жергілікті кәсіпкер осылай дейді. Бірнеше жыл бұрын шеге мен бұранда шығаруды бастаған ол жер телімін алып, талапқа сай цех салып, жаңа жұмыс орындарын да ашпақ болған. Алғашында «Ақжайық» ӘКК арасында келісім де жасалған. Алайда уақыт өте тараптар арасындағы бастапқыдағы шарт бойынша ортақ келісімге келу мүмкін болмай тұр.
Рулан Батов көлікке арналған гаражды цехқа айналдырған. Алайда қуатты станоктың жұмысына шыдас бермеген ғимараттың қабырғалары сөгіліп барады. Қажет шикізатты бұл жерде сақтау мүмкін емес. Гараж да қауіпті. Кез келген уақытта опырылып, құлауы мүмкін. Сол себепті кәсіпкер жұмысын уақытша тоқтатқан. Жаңа цех салуға «Ақжайық» ӘКК-нан жер телімін сұраған. Бастапқыда жоба мақұлданған. 48 сотық жер телімі берілетін болған. «Алайда соңына келгенде келісім өзгеріп кетті», — дейді кәсіпкер.
РУЛАН БАТОВ, КӘСІПКЕР:
— Кепілге үйімді қойып тұрмын. Сосын гарант дамудан қосымша қаржы аламын. Үшінші гарант інім бар. Оның кірісі жақсы. Өтейін деп тұрмыз. Енді бұл кісі осы ақшаны әкелуімді сұрады. Әкелсем, жобама байланып тұр.
Мынау – бастапқыда мақұлданған жер телімі. Оны бізге кәсіпкер көрсетті. Ой шұңқыры көп. Жылдар бойы қараусыз, иесіз қалғаны көрініп тұр. Иесі болмағасын бұл жер түрлі қоқыс төгетін алаңға айналып кеткен. Коорпорация кәсіпкерге енді бұл жер телімін қысқарту керек депті.
РУЛАН БАТОВ, КӘСІПКЕР:
— «Шұңқыр, сай саланы ал. Тегіс жерін алып қаламыз», — деді. Мен оған келіспеймін. Неге эскизімді өзгертуім керек? Мына сай-салаға біршама қаражат керек. Игерілмей жатырған жер. Соны игеріп, жасап береміз десек.
«Ақжайық» ӘКК төрағасының орынбасары: «Жоба басымдыққа ие. Оның жалпы құны – 100 миллион теңге. Алайда кәсіпкер бұл қаражаттың жартысына ғана банктен кепілдік әкелді. Соған сай, жоба да өзгертуді қажет етеді», — дейді.
ЖАННА БЕКҚАЛИЕВА, «АҚЖАЙЫҚ» ӘКК АҚ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
— Біз ол кісіге ұсыныс айттық. Жобаны толықтай қабылдау 100 миллион емес, қанша қаражаты бар, жобасын соған сәйкестендіру керегін айттық.
Кәсіпкер мен коорпорация өкілдері осы мәселе бойынша тағы да кездесті. Алайда, нәтиже болған жоқ. Бастапқыдағы ұсынылған жер телімінің бір бөлігі енді, қалтасы қалың өзге инвесторға ұсынылмақ.
АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Ақжайық ӘКК мен кәсіпкердің арасындағы текетірес бұнымен аяқталған жоқ. Бүгінгі басқосуда да ортақ мәмілеге қол жетпеді. Соңғысы енді облыстық прокуратураға шағым түсіремін деп отыр.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.