Алатау қаласының әкімдігі тұрмыстық қатты қалдықты тастайтын полигонның өртенуіне байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы ұсыныс жасады. Өйткені Әли ауылының іргесіндегі қоқыс алаңының қызыл жалынға оранғанына бүгін үшінші күн. Өртті сөндіруге 250 адам мен 90 техника жұмылдырылған. Оған қоса Алматы, Шымкент қаласы мен көршілес Жетісу, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облысынан қосымша күш-құрылғылар жөнелтілді. Әскери бөлім қызметкерлері де көмектесіп жатыр. Шоқтану ошағының тереңдігі 10 метрге дейін жеткен. Жел бағытының жиі өзгеруі өртті сөндіруге айтарлықтай кедергі келтіріп тұр.
ДӘУРЕН ОРАЗБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫ:
— Жағдай қиын болса да, бүкіл жеке құрам жұмыс істеуде. Ауаның ластануы және қатты жануы, қазіргі таңда ашық оттар жоқ, тек қана бықсу боп жатыр. Полигонның негізгі көлемі 35 гектар шамасында. Толықтай оқшауланғаннан кейін ақпарат беріледі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.