Ақтөбеде коммуналдық қызметкерге қатысты сот үкімі шықты

Ақтөбеде коммуналдық қызметкерге қатысты сот үкімі шықты. 69 жастағы азамат 39 жастағы ер адамға ауыр дене жарақатын салғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Оқиға биыл сәуір айында балалар алаңында болған. Көпқабатты үйдің ауласын тазалап жүрген жұмысшы қоқыс тастаған жасөспірімге ескерту жасағанымен, ол мән бермеген. Бұған ашуланған жұмысшы сыпыртқысын сермеген. Жасөспірім бұл үшін өгей әкесін шақыртады. Оқиға орнына келген ер адам мен жұмысшының арасында жанжал шығып, баланың әкесі газ тапаншасымен ауаға оқ атқан. Сол сәтте жұмысшы қалтасындағы пышағымен оның кеудесіне жарақат салған. Сот ер адамның газ тапаншасын алып жүруінің заңдылығын тексеру үшін прокуратураға жеке қаулы жолдады.
ЖАНСАЯ ТАИРОВА, ОБЛЫСТЫҚ СОТТЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
— Жаза тағайындау барысында сот сотталушының жеке басын, жасын, кінәсін мойындауын, бұрын сотты болмағанын, денсаулық жағдайы мен жәбірленушінің қылмыстық құқықбұзушылыққа түрткі болған заңға қайшы іс-әрекетін ескерді.
———————————————