Жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыс көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Бүгін Астанада өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде Мемлекет басшысы: «Бейбітшілікті қорғау жолында батылырақ сөйлеуіміз керек», — деді. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің құрдымға кетуіне жол бермеу үшін, діни қайраткерлер қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сенім білдірді.
Астана төрінде сегізінші мәрте бас қосып отырған діни және рухани көшбасшылар әуелі әлемдегі татулық, келісім мен сүйіспеншілік үшін дұға етіп, Құдайдан ізгі тілек тіледі. Содан кейін Мемлекет басшысы сөз алды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, съезд алғаш қызметін бастаған сонау 2003 жылдан бері қазіргі заман сын-қатерлерін ашық талқылайтын бірегей алаңға айналды. Бүгін де бұл алаңда дүние жүзінің әртүрлі аймағында жүріп жатқан гибридті соғыс сөз болды. «Бұл майданның шебі айқын емес. Бірақ қисапсыз адам шығынына ұшыратып, толассыз босқын нөпіріне түрткі болуда. Экономикаға орасан зор залал тигізіп отыр», — деді Президент.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыс көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ. Бұл тұрғыдан алғанда, бүгінгі съездің мән-маңызы айрықша. Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен «Бейбітшілік елшілері» деп айтуға болады.
Әлемде конструктивті ұсыныстарды ортаға салып, саяси ұстамдылық танытудан гөрі өшпенділік өршіп, геосаяси жіктің арасы алшақтап, әлеуметтік шиеленіс одан сайын ушығып бара жатыр. Ядролық қақтығыс қаупі де қатты алаңдатады. Мұндай қилы кезеңде диалогқа шақыратын басты амал ретінде конструктивті дипломатия алдыңғы орынға шығуы керек, деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол діни қайраткерлер саясаткерлерді моральдық жауапкершілікке үндеп, әлемнің құрдымға кетуіне жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенімдімін деді.
АВИНОАМ КУТЧЕР, ИЗРАИЛЬ ДЕЛЕГАТЫ:
— Қазақ жеріне бірінші рет аяқ басып отырмыз. Бәрі ұнап жатыр. Дін адамдарды біріктіретін нәрсе ғой. Бүгінгі шара халық пен халық арасындағы диалог, адамдардың бір-бірімен байланысы. Ал жасанды интеллект пен әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалансақ, халықты біріктіреді.
Бүгін әлемнің беделді дін қайраткерлері жиналған жерде бейбітшілік қозғалысы идеясын талқылау ұсынылды. «Бұл бастама тек діндар қауымды ғана емес, сонымен қатар саясаткерлерді, сарапшыларды және жастарды да біріктіре алар еді», — деді Мемлекет басшысы. Тек бейбітшілікті қорғау жолындағы үніміз әлдеқайда өршіл болуы қажет.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
— Шын мәнінде болашақ жастардың қолында. Өскелең ұрпақ барлық дін және мәдениет өкілдерінің арасындағы өзара құрмет пен сыйластық рухын терең сезініп өсуі керек. Қазіргі жастар көптеген сын-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Наным-сенімі, дүниетанымы әртүрлі болса да, оларды толғандыратын мәселелер – ортақ. Демек, сол түйткілдердің шешімін де бірлесіп іздеу қажет.
Съезде Президент жасанды интеллектіні дамыту әдебі жөніндегі дінаралық комиссия құруды ұсынды. Бұған қатысты Татарстан мүфтиі пікір білдірген. Камиль Самигуллиннің айтуынша, жасанды интеллект Құрандағы кейбір сөзді бұрмалап жіберуі мүмкін. Бұл жайт дін өкілдерін ойландырып отыр. Ислам дінін ұстанушыларға арналған мобильді қосымша әзірлеушілер де цифрлық әлемге діни ақпаратты әбден сараптап, салған жөн деген пікірде.
ИСЛАМ МӘДЕНИЕТ, МОБИЛЬДІ ҚОСЫМША ӘЗІРЛЕУШІ:
— Заман талабына сай болып, осындай қосымшаларды көбірек дамыту керек. Бастысы – қосымшада қолданылатын ақпарат, мәліметті сараптамадан өткізіп, дұрыс жетілдіру керек.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезінде Қасым-Жомарт Тоқаев форумның бір топ қатысушыларына мемлекеттік наградаларды, дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығын, съездің құрмет медалін, сондай-ақ ізгі ниет елшілерінің айрықша белгісін табыстады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— VIII съезд тағы да Астананың бейбітшілік астанасы ретіндегі мәртебесін айқындады. Бұл жиыннан тараған үндеу – жер жүзіндегі қақтығыстарға қарамастан, татулыққа деген ортақ ниеттің айқын дәлелі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.