Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы әзірленіп жатыр

Қазақстанда қазір мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Бүгінде еліміздегі мектептің шамамен 90 пайызында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Бұған қоса, психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты да енгізілуде. Ерекше балаларға қатысты тағы қандай жағдайлар қолға алынып жатыр?
Бұл – арнайы күтімді қажет ететін балаларға арналған жаңа білім ордаларының бірі. Биыл ғана бой көтерген «Келешек мектебінде» бүгінде 2 мыңдай бала білім алады. Солардың бірі – 7-сынып оқушысы Дінмұхаммед.

ДИНМҰХАММЕД ДӘУЛЕТКЕЛДІ, ОҚУШЫ:
— Бұл жерде барлық жағдай жасалған. Әсіресе осы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған жағдай өте керемет жасалған: лифт бар, көмекші мұғалімдер, апайлар бар. Мектептің іші өте кең. Жарық. Жалпы, әр кабинетте электронды тақталар бар. Сабақты қызықты әрі танымды өткізуге бүкіл жағдай жасалған. Менің сүйікті кабинетім – химия кабинеті. Жақында өзіміздің ең алғашқы зертханалық жұмысымызды жасадық.

Ерекше балаларға ерекше қамқорлық қажет. Сондықтан Дінмұхаммед секілді 50-ге жуық оқушының жаңа ортаға жылдам бейімделуіне, қоғамға етене араласып, өзгелермен тіл табысуына, өмірге деген құштарлықтарын арттыруына барлық жағдай жасалған. Мектептегі мамандар балалар үшін жақын досындай болып кеткен. Бұған ата-аналар да, әрине, дән риза.

ІЛИЯСОВА ЭЛЬМИРА, №116 МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:
— 116-мектепте қазір 1870 оқушы бар. Оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін 50 бала оқиды. Барлық бала тең дәрежеде білім алады. Әр балаға педагог-ассистент, дефектолог, логопед, арнайы психолог көмектеседі.

Инклюзивті білім беру тек елордада ғана емес, өңірлерде де қарқын алған. Бүгінде еліміз бойынша 235 мыңнан астам ерекше бала бар. Әрқайсысын тең мүмкіндік, сапалы біліммен қамту үшін Оқу-ағарту министрлігі психологиялық-педагогикалық қолдау стандартын қабылдаған.

ЖҰЛДЫЗ МҰҚАШЕВА, ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Қазіргі таңда елімізде мектептердің тоқсан пайызы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалып, осы балалардың сексен бес пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылуда. Қолдаумен қамтудың негізгі бір тетігі арнайы білім беру желісін ұлғайту болып саналады. Сол себепті арнайы білім беру ұйымдарының саны жыл сайын өсіп, олардың саны бес жүз сегізге жетіп отыр. Сонымен қатар осы орта білім беру мектептерінде бір мыңнан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау кабинеттері ашылды. Биыл осындай кабинеттердің саны жүз жиырма бір болды.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, бүгінде елде ерекше балалардың 86 пайызы тиісті қолдаумен қамтылған. 2027 жылдың аяғына дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсаты тұр.
———————————————