Ақтөбе облысында бір ауылдың тұрғындары жайылымсыз қалды. Мал бағатын жер жоқ, ал ауыл халқы үшін төрт түлік – жалғыз табыс көзі. Жергілікті жұрттың айтуынша, елді мекенді айнала орналасқан жерлерді жекеменшік кәсіпкер жалға алып қойған. Ол жерлерге бидай мен бұршақ тұқымдас дақыл егеді. Ал егер ауылдың малы сол алқапқа кіріп кетсе, тұрғындарға миллиондаған айыппұл салынады екен.
Мәртөк ауданы Родниковка ауылында мың жарымдай тұрғын бар. Халықтың негізгі күн көрісі – мал шаруашылығы. Ауладағы азын – шоғын малының еті мен сүтін қалаға апарып сату арқылы күн көріп отыр. Енді, тұрғындар бұл күнкөрістен айырыламыз бе деп қауіптенеді. Себебі ауыл маңындағы жерді жалға алған серіктестік олардың малы жерімізді таптады деп айыппұл төлетеді екен. Салынған айыппұлдың мөлшері 200 мың теңгеге дейін жетіп жығылған.
НҰРҒАБЫЛ ҚАЛИЕВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Малымызды баға алмаймыз. Өтірік айтсам, міне, тап-тақыр жерде қойлар жайылып жатыр. Сенбесеңіз түсіріп алыңыз. Егін, міне, үйдің жанында тұр. Бұзаулар үйде, баға алмаймыз. Жаздай шөбі, жемі, бәрі қымбат. Сосын оның жеріне мал түсіп кетсе, қамайды. Штраф салады. Аузына не ақша келеді, соны айтады.
Жергілікті тұрғын Асқар Молдашевтың басына түскен жағдай жаға ұстатарлық. Оның бұзаулары серіктестіктің егістігіне кіріп кеткен. Сол үшін жер иесі сотқа шағымданған. Сот келтірілген шығынды 4 миллион 580 мың теңгеге бағалаған. Көпбалалы ауыл азаматы енді бұл қаражатты қайдан тауып, қалай төлерін білмей отыр.
АСҚАР МОЛДАШЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
— Шынымды айтайын, жағдайым жоқ. Тапқан табысымның бәрі жем-шөпке кетеді. Жем-шөп қымбат. Қалғаны тек ішіп-жемге. Мен балаларымды оқытып жатырмын. Оған да ақша жамап-жасқап жеткіземіз. Ауылда тұратын адамның жайын білесіз ғой. Мал бағу оңай емес.
Тұрғындары серіктестік жалға алған 34 мың гектар жерін ауыл жақ бетінен қоршап алсын деген талап қойып отыр. «Сонда ғана бұл мәселе шешіледі», — дейді олар. Алайда фирманың директоры бұған тұрғындардың өздерін кінәлайды.
ЕСЕТ ҚҰСАЙЫНҰЛЫ – «РОДНИКИ АГРО» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
— Ойдай ақша салып, егін еккен жерден өнім алғың келеді. Мал жайылады, түсіп кеткен жағдайлары болды. Мал егінге неге түседі? Малды бақпағаны үшін түседі. Малды шығарып жібереді. Мал барады да егінге жайылады. Біздің бақташы оларды айдап қамайды. Штраф салып жатырмыз, рас.
РАВИЛЬ ӘБІЛОВ – РОДНИКОВА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
— Бұл мәселені шешіп жатырмыз. Бұрын егінді орып болғаннен кейін, ол жерге мал бақтырмайтын еді. Қазір келісіп, егінді жиып болғасын малды сол орынға жая аламыз. Соған қоса былтырғымен салыстырғанда жағдай тұрақты.
Жергілікті атқарушы орган өкілі: «Округ аумағында 13 мың гектар ауылға тиесілі жайылым жер бар», — дейді. Алайда оған малды шығару үшін тағы да сол серіктестіктің жерін кесіп өтуге тура келеді. Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледінің кері болып тұр. Мәселенің шешімі – серіктестіктің жеріндегі дәлізді кеңейту. Сол дәліз арқылы мемлекеттік қордағы жайылымға ауыл халқының малын шығармақ. Басқа жол жоқ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.