Қостанайда екі дос гаражды өндіріс цехына айналдырған

Арбаға таңылса да, тағдырдың ауыр соққысына мойыған жоқ. Қостанайда екі дос кәдімгі гаражды шағын өндіріс цехына айналдырды. Біреуі арбамен қозғалады. Олар кофе дәндерін қуырып, табыс тауып жүр. Хош иісті өнімді кеңсе ұжымдары мен қызмет көрсету орталықтары тапсырыспен алып отыр.
Илья Вираховский – Қостанайдың қарапайым жігіті. Университет аяқтаған соң, өмірі бір сәтте өзгереді. Суға секіру кезінде омыртқасы жараланып, 5 жылда қатарға әрең қосылған. Төрт қабырғаға телмірген Илья арбада жүріп те батыл қадам жасайды. Компьютерлік курстан өтіп, өзінің группаласы әрі досымен шағын кәсіп бастайды.

ИЛЬЯ ВИРАХОВСКИЙ, КӘСІПКЕР:
— Алғашқы кезде өмірдің мәні жоқ сияқты көрінді. Жарақаттан кейін бойың түгел, ойыңды жинау да қиын. Өмір мен үшін тоқтап қалғандай болды. Бәрі жеңіл болған жоқ,мойындаймын.

Грант ұтып, сол қаражатқа кофе қуыратын құрылғы сатып алды. Гаражды өз қолдарымен жабдықтап өндіріске айналдырды. Енді бұл жерде әр таң сайын кофенің хош иісі аңқиды.

АРМАН БАЙМҰХАМЕТОВ, КӘСІПКЕР:
— Аударма: Біз сапалы кофені әкелеміз. Ростер 1,5 келі кофе дәнін қуырады. Біз өндіріске өте мұқиятпыз. Жауапкершілікпен қараймыз.

Тұрақты тұтынушылары ұзын-сонар кезекте тұрады. Өйткені ыстық сусынды қос кәсіпкер автокөлік жуу кешеніне, кеңсеге жеткізіледі. Әлеуметтік желімен тапсырыс беруші де көп. Бизнес идеяның сәтті жүзеге асуы өз ісіңді шынайы жақсы көріп, жан-тәніңмен беріліп қызмет етуіңде, — дейді іскер жандар.

ИЛЬЯ ВИРАХОВСКИЙ, КӘСІПКЕР:
— Мен негізінен қаржы мен ұйымдастыру жағына жауап беремін. Өндірістің іәр процесін үйлестіріп, тапсырсытарды қадағалаймын. Үлкен жоспар да бар. Қиындығы да аз емес. Дегенмен, бәрін жеңеміз деп сенемін.

Қуырылған кофенің иісі біреулер үшін жай ғана хош иіс болуы мүмкін. Ал Илья үшін өмірге қайта оралу мен қайсарлықтың нышаны. Екі дос сыннан сүрінбей өтті. Қолдарынан келетіндерін мойындатты. Қарапайым гараждан басталған жол арманға шектеу жоқ екенін көрсетті.
———————————————