Жасөспірімдер арасындағы төбелес: жәбірленуші тарап тергеудің әділ өтуін талап етеді

Ақтөбеде жасөспірімдер төбелесінен кейін көзін ауыр жарақаттаған Тамерлан Мырзабайдың туыстары тергеудің қайта жандануын талап етіп отыр. Жастар арасындағы жанжал түнгі уақытта бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Онда Тамерланның өзінің қатарластарынан қорғанып жатқаны көрінеді. Бір сәтте оның бетіне қатты соққы келеді. Көзілдірігі сынып, әйнегі көз жанарына кіріп кеткен. Тамерлан – джиу-джитсумен шұғылданған спортшы. «Қазір жарысқа емес, жарық күннің өзіне қарай алмай отыр»,- дейді туыстары. Денсаулығының кесірінен сабақтан да қол үзген. Енді алда ұзақ оңалту мен операция күтіп тұр. Алғашқыда іс екі баппен тергелген. «Бұзақылық» және «Орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру». Алайда кейін полиция бұзақылық бабын жауып тастаған. Жәбірленушінің туыстары енді екінші баптың да жеңіл сипатқа ауысып кетуінен қауіптенеді. Тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді.
———————————————