Ақша енді қалтаңыздағы банкнот немесе әмияныңыздағы карта ғана емес. Ол цифрлық та болуы мүмкін. Елімізде цифрлық теңге сынақтан өтіп жатыр, ал Ұлттық банк крипторезерв құруға кірісті. Мұны биылғы Жолдауында Президент тапсырған болатын. Қор қашан және қандай қаржы көздерінен құралатыны әзірге белгісіз.
Ұлттық банк цифрлық теңге шығарып жатыр. Ол болашақта сауда-саттықта қолданылатын толыққанды төлем құралы болмақ. Бірақ қағаз ақша мен тиынды алмастырмайды. Өз алдына жеке валюта. Ұлттық банк шығаратын ақшаның үшінші түрі. Кәдімгі ақшаның барлық қызметін атқарады.
ӘЙГЕРІМ БАБАҒАЛИЕВА, ҰЛТТЫҚ ТӨЛЕМ КОРПОРАЦИЯСЫ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Цифрлық теңге қолма-қол немесе қолма-қолсыз ақша нысанда 1 теңгеге тең. Қолма-қолсыз ақша сияқты, цифрлық теңгені де қолданыстағы инфрақұрылым, банкоматтар мен екінші деңгейлі банктердің кассалары арқылы, цифрлық картаны пайдалану арқылы немесе банк бөлімшесіне барған кезде қолма-қол ақшаға айналдыруға болады.
Цифрлық теңге токен түрінде немесе арнайы электронды әмиянда жазба ретінде сақталады. Мәселен, банктердің мобильді қосымшаларындағы «депозит» пен «ағымдағы шот» бөлімдерінің қасына «цифрлық әмиян» қосылады. Цифрлық теңгенің жеке шоты болады.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН, ТІЛШІ:
— Цифрлық теңгені қарапайым тілмен түсіндірсек, ол – «боялатын» ақша. Мысалы, мектеп салуға қызыл түсті цифрлық теңге бөлінді делік. Технология осы қызыл цифрлық ақшаның шынымен де толықтай мектепке жұмсалуын қамтамасыз етеді. Басқа мақсатқа цифрлық ақшаны жұмсай алмайсыз. Транзакция жасалмайды.
«Боялған» цифрлық теңгені жымқыру мүмкін емес. Сондықтан Үкімет оны бюджет есебінен қаржыландырылатын жобаларға пайдаланып жатыр. Ұлттық банк осы мақсатқа 270 млрд цифрлық теңге шығарған. Оның 164 млрд цифрлық теңгесі «Достық – Мойынты» теміржолы құрылысына бөлінсе, «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын өткізуге 86 млрд цифрлық теңге аударылған. Осындай ақша енді мектеп, балабақша, аурухана құрылысына, фермерлерге субсидия беру кезінде де қолданылады.
АСАН АХМЕТЖАН, ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ:
— Қазіргі танда цифрлық теңге платформасына 7 қаржы ұйымы қосылды. Оның ішінде ірі банктер, қазпошта және қазынашылық комитеті бар. Ұлттық банк пилоттық жобаларды жол құрылысы, фермерлерді қолдау, салықтық әкімшілендіру және ұлттық қор қаражат есебінен инфрақұрылымды жобаларды қаржыландыру салаларында іске асырды. Соның арқасында қаражаттың мақсатты жұмсалуын бақылау және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мүмкіндігі дәлелденді. Сондықтан үкіметпен бірлесіп цифрлық теңгені жаңа бағыттарда қолдануды кеңейту туралы шешім қабылданды. Алдағы уақытта ол әлеуметтік әмиянмен автокөлік алу мәмілелермен ірі инвестициялық жобалармен және қымбат жабдық сатып алумен байланыстырады.
Сарапшылар халық цифрлық теңгенің қызығын 2027 жылдан бастап толық көріп, түсінетін болады деп есептейді. Оған дейін цифрлық теңгенің не екенін бизнес біліп алуы керек.
Цифрлық теңгеден бөлек, елімізде тағы бір қаржылық цифрлық актив – криптовалюға заңмен рұқсат берілмек. Қазір валютаның бұл түрімен тек Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында айналысуға болады. Криптовалютаны ресми түрде сатып алуға және сатуға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер Мәжілісте талқыланып жатыр.
НАУРЫЗБЕК БИЖАНОВ, ЦИФРЛЫҚ АКТИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:
— Қазіргі өзгерістер, ең бастысы, криптоайналымдар, криптобанктер және криптокарталарға рұқсат беру қарастырылған.
ГҮЛВИРА СЕЙТЕН – ТІЛШІ:
— Цифрлық министрліктің жоспары бойынша цифрлық активтер нарығы жыл соңына дейін баршаға қолжетімді болады. Оны ашық, түсінікті әрі заңды етеді. Нақты не өзгереді десек. Ең алдымен провайдерлердің жұмысы жеңілдейді. Бұлар – криптовалютаны сақтау, айырбастау және сату қызметімен айналысатын компаниялар. Олардың барлығы міндетті түрде Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелуі тиіс. Сондай-ақ онда ресми айырбастау пункттері де ашылады.
Астана халықаралық қаржы орталығында 27 компания қаржылық цифрлық активтермен жұмыс істеуге лицензия алған. Олардың 170 мыңнан астам клиенті бар. Арасында шетел азаматтары жетерлік.
Мамандар елде криптосалаға қызығушылық біршама өскенін айтады. Себебі шетелден аударым жасағанда осы валютамен жұмыс істеген қолайлы дейді. Қолындағы байлығын бұрынғыдай жылжымайтын мүлік түрінде сақтайтындар енді бұл активті криптоақшаға айналдыратындар көбейген.
Криптонарықты заңдастыру мен оның дамуына жағдай жасау Қазақстанды криптоэкономиканың аймақтық орталығына айналдырып, миллиардтаған инвестиция тартуға тиіс. Ал цифрлық теңгені пайдалану бюджет ақшасының жемқорларға жем болмай, тиімді жұмсалуын қадағалауға көмектеседі.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.