Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында түрлі конфессиялардың, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері бас қосқан Жас діни лидерлердің II форумы өтті. Жиын жаңа буынды жаһандық міндеттерді шешуге жұмылдыруға және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға бағытталған. Форум біздің елімізде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Форумға жас діни қызметкерлер ғана емес, сонымен қатар ғалымдар және сарапшылар, жас саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері де қатысты. Алаңның мақсаты – рухани көшбасшылардың аға буын өкілдерімен тәжірибе алмасу, жастар арасында ашық диалог құрып, өзара құрмет пен толеранттық мәдениетті қалыптастыру.
Жас діни лидерлер форумының мақсаты маңызды, айтары анық. Диалогтың құндылығы сол, түрлі мәдениеттер мен діндер өкілдерімен ортақ тіл табысуы және бейбітшілік пен өзара түсіністікке ұмтылудағы жаңа көшбасшылар буынын тәрбиелеуге жасалған нық қадам. Әлем елдерінен жиналған сан саланың озық ойлы азаматтарының пікірі де бір арнада тоғысты.
ЕММАНУЭЛЬ ГАНЗЕ, ДЕЛЕГАТ:
— Бұл – бейбіт өмір, жарқын болашақ үшін еңбек етіп жүрген жас ұрпақ. Жастарды жұмыс істеп жатқанын көріп қуанып тұрмын. Барлық идеял жиналып, сарапталып, біз оларды Азияда, Еуропада, Африкада тұрақты бейбітшілікті орнатуға бағытталған кең ауқымды бағдарлама құру үшін қолданамыз.
Бүгінгі іс-шара әлемнің ондаған елінен келген жас рухани көшбасшыларды біріктіріп, оларға қазіргі заманның негізгі сын-тегеуріндеріне тәжірибе және көзқарастармен алмасуға ерекше мүмкіндік берді. «Елордада өтіп жатқан форумның берері көп», — дейді дін жолындағы азаматтар.
НҰРЛАН БАЙЖІГІТҰЛЫ, ИМАМ:
— Өйткені жастардың түсінігі, талғампаздығы, қазіргі ой өрісі мүлдем бөлек. Сондықтан біздің кез келген дін қызметкері жастардың түсінігі аясында солардың қабылдау деңгейінде, солардың дәрежесінде түсініп отырып, жағдаятын қабылдап отырып жеткізген өте орынды.
ГЕННАДИЙ – ЕПИСКОП:
— Мұндай маңызды алаңның Қазақстанда құрылуы кездейсоқ емес. Өйткені бұл елде түрлі дін өкілдері тұрады, негізгі дін – ислам болғанына қарамастан, барлығы ерекше бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатыр.
Форумға қатысушылар жастардың бейбітшілікті нығайтудағы сондай-ақ, діни және мәдени қақтығыстардың алдын алудағы рөлін талқылады. Екінші жас діни лидерлер форумы бейбітшілік пен келісім мәдениетін қалыптастыруда шешуші рөл атқаратын жастар екенін атап өткен маңызды оқиға болды. Осылайша, еліміз дінаралық диалог пен әлемдік ынтымақтастық орталығы мәртебесін нығайта түсті.
АЙЗАТ ТҰРҒЫНБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
— Жаһандық пікірталас алаңы ретінде ғана емес, рухани және қоғамдық көшбасшылықтың элитасын қалыптастыру құралы ретінде тарихта орын алуға тиіс Астанадағы VIII съезд мәресіне жетті. «Әлемнің 60 елін біріктірген айтулы шара өзара татулық пен келісімінің алтын көпірі болуға тиіс», — деп тарқасты қатысушылар.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.