Жыл басынан бері «Сарайшық» музей-қорығын 23 мыңнан астам турист тамашалаған. Тарихи мекеннің тартымды болуына не түрткі? Ал оның айналасындағы қызмет сапасы қандай?
Атырау алқабы тек мұнай мен балыққа қана емес. Көне Сарайшық қаласымен әйгілі. Мұнда жыл сайын археологтар қазба жұмыстарын жүргізеді. Мәселен, тұрғын үйдің орнынан көне Сарайшық мәдениетінің жаңа нышанын тапқан. «Бұл «Алтын Орда» дәуіріне тиесілі болуы мүмкін», — дейді мамандар.
ЖҮСІП БАЙҒАЛИЕВ, МУЗЕЙДІҢ АҒА ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
— Бөлменің көше арқылы кіретін есігі сақталған. Сонымен қатар 2 қазандық сақталып отыр. Алтын Орда дәуіріндегі архитектуралық құрылыстарға тән болған, тек Сарайшықта ғана емес, Оңтүстік Қазақстан территориясынан көп кездесетін «кан» жүйесі, «суфасы» және арнайы тандыр пеш сақталып отыр.
Бүгінде көне қаланың 3 мың шаршы метрге жуық аумағы аршылды. Табылған 6 мыңдай тарихи жәдігер өңделіп, тарихи өлкетану музейіне тапсырылған. Бұдан бөлек, археологтар үлкен ғимаратты тапты. Ұзындығы – 16 метр, ені 8 метрге жетеді.
ӘБІЛСЕЙІТ МҰХТАР, «САРАЙШЫҚ» МУЗЕЙ ҚОРЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
— Біз 2023-2024 жылдың қазба нәтижесінде табылған өндіріс орнын қалыпқа келтіре бастадық. Бұл өндіріс орны балықшылардың өндіріс орны. Ішінде 9 үлкен хумдар бар, өндіріс пештері бар. Олардың барлығы қалыпқа келтіріліп, болашақта туристерге ұсынылады.
Қазір Керуен Сарайдың қақпасы жаңғыртылып, тұрғын үйлер қалпына келтіріле бастады. Келешекте осы жерден ашық аспан астындағы музей ашылмақ. Бұл аймақтағы туризмді одан әрі дамытуға үлкен сеп болмақ.
———————————————
© 2009-, «Жетінші арна». Барлық құқықтар қорғалған.