Оралда электроавтобустар сынақтан өтіп жатыр

Оралда жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын электр қуатымен жүретін бірнеше автобус алған. Қоғамдық көліктің бұл түрі қазір сынақтан өтіп жатыр. Егер көлік сыннан сүрінбесе, Жайық жерінде олардың саны артуы мүмкін. Айта кетейік, мұндай автобус әзірге Астана және Алматы қалаларында ғана бар.
Қазіргі күні қаладағы жолаушы тасымалдайтын автобустардың басым бөлігі ескірген. Негізінен бензин, дизельдік отынмен жүретін олар қоршаған ортаға да түрлі зиян келтіруде. Күн санап қымбаттаған қосалқы бөлшектің бағасы да қалтаны қағып тұр. Заман талабына сай келетін қоғамдық көліктерге көшетін кез келді. «Әзірге бұл электроавтобустар өздерін тек жақсы жағынан көрсетуде», — дейді кәсіпорын басшылығы.

ДАНИЯР МҰХТАРОВ, КӘСІПОРЫН БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
— Қазіргі кезде дизельдік отыннан кету мақсатында электробус, метанн деген автобустарды қарап жатырмыз. Экологиялық таза, көп түтін шығармайтын, жанармай жақпайтын автобустарды қарап жатырмыз.
Барлығы – Қытайда құрастырылған көліктер. Оны толық қуаттауға 3-5 сағат уақыт кетсе, бұл қуат 500 шақырымға жетеді екен. Ал автобустардың негізгі қозаушы күші – электр батареяларына 7 жылға кепілдік берілген. Содан соң шығарушы оны жаңасына ауыстыруды өз міндетіне алыпты. Моторы, қозғалтқышы жоқ көліктің іші де жолаушылар үшін қолайлы.

АҚБОЛАТ МҰСТАЖАПҰЛЫ, ТІЛШІ:
— Бұл автобуста отыруға 35 орын және тұрған жолаушыларға 90 орын есептелген. Бұрынғы автобустардан тағы бір ерекшелігі, бұлардың әрқайсысында бейнекамера орнатылған және барлығында ұялы телефондарыңызды қуаттап алуға болады. Әзірге Орал қаласы бойынша осындай бес автобус халыққа қоғамдық қызмет көрсетіп жүр.

Күнделікті бағытқа шығарда автобустардың қуат күшімен толтырылуы, тазалағы толық тексеріледі. Заманауи көліктер сынақтан қалай өтеді, оны кәсіпорындағы тәжірибелі жүргізушілер бағалайды. Солардың бірі – Қанат Ибрашев. 12 жыл осы кәсіпорында қоғамдық көлікті тізгіндеп келе жатқан оған токпен жүретін көлікті алғашқылардың бірі болып басқару сеніп тапсырылған.

ҚАНАТ ИБРАШЕВ, ЖҮРГІЗУШІ:
— Бір күн үйретті. Қай жерден қалай келетінін, есіктері қалай ашылатынын көрсетті.
Бұл санаттағы қоғамдық көліктер сыннан сүрінбей, өздерін қандай тиімді жағынан көрсетеді? Әсіресе қысы қаһарлы келетін Жайық жеріндегі үскірікке төтеп бере ала ма? Сауал осы. Егер осы талаптарға сай келсе, олардың санын арттыру жоспарда. Ол уақыт еншісінде.
———————————————