Хромтау жұмысшылары еңбекақыларын ала алмай жүр

Ақтөбе облысының Хромтау қаласында жүзден астам адам шамамен бір жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Жеке фирмадан ақысын ала алмай жүрген кәсіпкерлерге төленбеген қаржы 600 млн теңгеге жуық. Бұл сомаға олар жүк пен жұмысшыларды тасымалдау қызметін көрсеткен, арнайы техниканы жалға берген, асхана мен хостел жұмыс істеген. Субмердігерлер «Қазхром» АҚ-ның Донской тау-кен байыту комбинатының қалдық қоймасын салу үшін тартылған.
«Бас тапсырыс беруші мердігер «Indcom Partners» ЖШС-мен есеп айырысқан, алайда фирма еңбекақыны төлемей отыр», — дейді жиналғандар. Бүгінде жүзден астам адам қарызға батып отыр, оның үстіне, оларға ақша түспесе де, шот-фактуралар рәсімделгендіктен салық төлеген, алайда халық ақшаны әлі алған жоқ. Жапа шеккендер барлық инстанцияға жүгінген, тіпті сот шешімі де олардың пайдасына шыққанымен орындалмай отыр. Мекеме бұл жағдайға ешқандай түсініктеме бермеді. Ал еңбек инспекциясындағылардың айтуынша, соңғы екі жылдың ішінде бұл компанияға қатысты 26 адамнан арыз түскен. Бүгінде полиция департаментінде еңбек заңнамасын бұзу бабымен қылмыстық іс тергеліп жатыр.
———————————————