Үкімет Сәтбаев қаласының қысқа әзірлігін сынға алды

Жылыту маусымына аз қалғанымен, барлық өңір бірдей дайын емес. Мәселен, Сәтбаев қаласы – өткен қыста коммуналдық дағдарысты бастан өткерген аймақ. Қазандықтағы ақауларға байланысты қалада тіпті жауған қар қарайып, тұрғындар бүрсеңдеген еді. Үкімет Ұлытау облысын тағы да проблемалы өңірдің тізіміне енгізді. Облыстың қысқа әзірлігін сынға алып, барлық жөндеу жұмысын аяқтауды тапсырды. Әзірге аймақ дайындық жөнінде толыққанды есеп бере алмай отыр. Дегенмен әкімдік өкілдері: «Биыл қара түсті қар болмайды», — дейді. Ол үшін Сәтбаевта арнайы газ тазарту жабдықтары орнатылып жатыр. Жоспардан сәл кешіккенімен, барлық жұмыс уақытында аяқталады деген уәде бар. Қала билігі алдағы жылыту маусымына кідіріссіз кіруді жоспарлап отыр.
СӘКЕН ҚОЖАБАЕВ, ЖЫЛУ ЭНЕРГЕТИКАСЫ КӘСІПОРНЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
— Төртінші қазандық бойынша қазіргі таңда графиктен ауытқулар бекітіліп отыр. Оның негізгі себебі – қаражаттың жетіспеуі. Мердігер компанияның алдынан қарызымызды өтеу баяу жүріп жатыр. СПТВС мекемесінің біздің алдымыздағы қарызы – 2 млрдқа жуық. Орта есеппен төртінші қазандық қараша айының басында дайын болуы тиіс.
———————————————