Семей қаласының әкімі сайлау арқылы анықталады

Елімізде алғаш рет облыс орталығының әкімі тікелей сайлау арқылы анықталмақ. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы бастамасын жариялаған саяси реформалардың нақты нәтижесі. Биыл қазан айында тарихи қадам Абай облысының орталығы – Семейде жасалады. Қала басшылығына үміткерлердің тізімі жария болды. Дегенмен сарапшылар олардың басым бөлігі мемлекеттік құрылымдармен байланысты екенін айтады.

Семей – тікелей сайлау тәжірибесін алғашқы болып жүзеге асыратын қала ретінде тарихта қалмақ. Дауыс беру күні – 12 қазан. Бүгінде әкімдікке төрт кандидат тіркелді. Олар – шығармашылық сарайының директоры, жоғары колледж басшысы, мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар қала тұрғыны мен уақытша жұмыс істемейтін тағы бір азамат. Сарапшылардың пайымынша, олардың барлығы белгілі бір деңгейде мемлекеттік құрылымдармен байланысты.

ГҮЛЖАН ҚУАНЫШЕВА, АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
— Аумақтық сайлау комиссиясына сегіз кандидат өзінің кандидаттарын өзін-өзі ұсыну тәртібімен құжат тапсырды. Сегіз кандидаттың үшеуі ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің сәйкестігінен өтпеді. Бір кандидат өз еркімен кандидатурасын алып тастауға өтініш ұсынды. Бүгінгі күнде төрт кандидатты тіркеуден өткіздік.

Үміткерлердің бірі – Көкпекті ауданының әкімі. Ол еңбек жолын 2000 жылы бастаған. Әр жылдары банк саласында, қаржы басқармасында, түрлі әкімшілік қызметте жұмыс істеген.

ӘДІЛЕТ ҚОЖАНБАЕВ, ӘКІМДІККЕ КАНДИДАТ:
— Сайлауға келіп жатқан себебім, негізгі Семей – өзіміздің өскен жеріміз. Қаланың қазіргі жағдайы, әрине, осыдан үш жылғы жағдаймен салыстырғанда жақсырақ болғанмен әлі жақсартатын жерлері бар деп ойлаймын.

Дегенмен сайлау науқанына бір айдан аз уақыт қалса да, тұрғындардың қызығушылығы аса байқалмайды. Көпшілік әкімдікке кімдердің үміткер екенін білмейтін болып шықты.

Жалпы Семей қаласында дауыс беру үшін 128 сайлау учаскесі ашылады. Оның 110-ы – ашық, яғни барлық сайлаушыға қолжетімді. Ал 18-і – жабық учаске, белгілі бір мекемелердің ішінде орналасқан. Қалада дауыс беруге құқығы бар 220 мыңнан астам азамат тіркелген. Бұл көрсеткіш алдағы күндері нақтылануы мүмкін.
———————————————